Тіл реформасының нәтижесі қандай болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Аxмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек терминология сөздіктерін шығару жоспарлары туралы айтты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, арнайы бағдарлама аясында терминологиялық сөздіктерді шығару жоспарланып отыр. Осы жұмыс келесі жылы бастауыш мектептен басталады.

«Бір жыл ішінде бастауыш мектептер пайдаланатын терминдер сөздігін шығарамыз. 2021 жылы 5-9 сыныптар, яғни негізгі білім беру термин қоры анықталады. 2022 жылы орта және кәсіптік білім - 10-11 сыныптар, көптеген колледж бен теxникум оқушылары үшін бірнеше томдық терминологиялық сөздіктерді жасауымыз қажет. 2023 жылы жоғары оқу орындары деңгейінде 20 қалың қоғамдық ғылымдар бойынша салалық терминологиялық сөздік бітеді. 2024 жылы 15 салалық теxника ғылымдары бойынша сөздіктер дайын болуы керек. Ал 2025 жылы Елбасы тапсырмасы бойынша біз тіл реформасын толық аяқтауға тиіспіз. Жаратылыстану ғылымдары бойынша 15 томды әзірлеу жоспарланып отыр. Осылайша, түбегейлі тіл реформасының нәтижесінде жаңа 50 шақты терминологиялық фолиантты ғылыми қауымдастыққа паш етпекпіз», - деді Е.Қажыбек ҚР Парламент Мәжілісінде өткен ғылыми-практикалық конференцияда.

Институт басшысының сөзіне қарағанда, белгілі бір саланы дамыту үшін кем дегенде 10 мың термин қажет. Бұл - ғалымдардың пайымы.

«Терминдердің саны 10 мыңнан аз болған жағдайда нақты бір сала толыққанды дамымайды екен. Олай болса, іріктелген 50 саланы дамыту үшін бізге кемінде, бекітілген 500 мың термин керек. Ал отыз жылдың ішінде біздің терминком 20 мыңның айналасында ғана терминді бекіткенін ескерсек, мемлекеттік тілімізді дамытудың қай сатысында тұрғанымыз айқын», - деп атап көрсетті Е.Қажыбек.

Соңғы жаңалықтар