«Тіл туралы» Заңға 25 жыл толуына орай елордада гала концерт өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1989 жылы 22 қыркүйекте «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» ҚР Заңы қабылданып, қазақ тілі еліміздің мемлекеттік тілі мәртебесін алды.

«Тіл туралы» Заңға 25 жыл толуына орай елордада  гала концерт өтеді

Сол алғашқы Заң қабылданған 25 жылдан бері аталған Заңға сәйкес тіл саясаты жүргізіліп келеді. ҚР Президентінің 998 жылғы 20 қаңтардағы № 3827 Жарлығымен қыркүйектің үшінші жексенбісі «Қазақстан халқы тілдерінің күні» деп белгіленген болатын. Осыған сәйкес Астана қаласында жыл сайын Қазақстан халқы тілдерінің фестивалін өткізу дәстүрге айналған.

5 қыркүйекте ашылу салтанатынан бастау алған Қазақстан халқы тілдерінің ХVІ қалалық фестивалі аясында «Үздік жарнама», «Тіл - халық жанын танудың кілті», «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте» атты байқаулар, Жас ақындар мүшәйрасы, Отан - отбасынан басталады» атты мерекелік шара, «Кемел тілдің келешегі» атты акция өткізілді. Сонымен қатар қаладағы мемлекеттік, құрылымдық мекемелерде, балабақша, мектеп, мәдениет, денсаулық, көлік саласындағы мекемелерде көптеген ісшаралар ұйымдастырылуда.

22 қыркүйек күні «Тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылданғанына 25 жыл толуына орайластырылған фестивальдің гала концерті өтеді. Аталған мерекелік шарада тіл туралы толғамдар айтылып, Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры әртістерінің қатысуымен қойылымдар көрсетіліп, Маржан Арапбаева, Досымжан Таңатаров, Ибрагим Ескендір және т.б. ән шырқайды.

Бұл шараға зиялы қауым өкілдері, ҚР Парламент Мәжілісінің және Астана қалалық мәслихат депутаттары, ардагерлер, қарттар, мемлекеттік мекеме, ұлттық-мәдени орталықтар, мемлекеттік тіл қозғалысы, «Қазақ тілі» қоғамы, үкіметтік ұйымдардың басшылары, жастар қауымы шақырылған.