«Тіл - тұтастық кепілі» атты республикалық ведомствоаралық байқау жеңімпаздары марапатталды

Өткізіліп отырған іс-шараның мақсаты - ұлттың бірлігі мен тұтастығын және қоғамдық келісімді нығайту, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, сонымен қатар құқық қорғау және басқа да мемлекеттік ұйымдар қызметкерлерінің арасында мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау.
Бұл мемлекеттік тілді одан әрі дамытуға, сонымен қатар барша қазақстандықтарды ұлт ретінде біріктіріп, ел болашағының іргетасын бекемдей түсуге бағытталған шара.
Байқауға Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Қорғаныс министрлігі өкілдерінен құралған командалар қатысып, сайысты бәйгеге түсті.
Мемлекеттік тілді меңгергендіктерінің жоғары деңгейін және оны кәсіби қызметте қолдану дағдыларын көпшілік талқысына ұсынған байқауға қатысушылар шешендік өнердегі шеберліктерін де сынға салды.
Байқаудың бір кезеңі Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды, онда өнер сынасқан қатысушылар еліміздің тарихы мен мәдениетін терең білетіндіктерін және ата-бабадан мұра болып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды жоғары деңгейде меңгергендерін паш етті.
Байқаудың қорытындысы бойынша анықталған жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болып, алғыс хаттармен марапатталды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.