Тіл - ұлттың жан тынысы - А. Осман

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Тіл - ұлттың жан тынысы, рухани үні, ең асыл қазынасы. Бүгін Алматыдағы Достық үйінде Халықаралық ана тілі күніне арналған «Ана тілім - ардағым» атты тілдер фестивалі аясында белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, филолог ғалым Асылы Осман осылай деді.
None
None

«Тіл - ұлттың жан тынысы, рухани үні, ең асыл қазынасы. Тілі жоғалған, тілі қолданыстан қалған ұлт - ұлт болып саналмайды. Өйткені, оның ұлттық ерекшеліктері, ұлттық құндылықтары осы тілі арқылы паш етіледі. Тіл - құдыретті де киелі күш. Әрбір ұлт өзінің ана тілімен танылады, ана тілімен белгілі болады. Сондықтан оны сыйлап, аялай білген абзал», - деді А. Осман.

Сонымен қатар, Асылы Әлиқызы тек өз тіліңді ғана емес, өзге тілдерді де білу қажеттілігін түсіндірді.

«Өзге ұлттың жан-дүниесін оның тілі арқылы ұғынасың ғой. Ұлы Абай айтқандай, «өзге тілді білу арқылы өз ұлтың мен өзге ұлтқа тең қарайсың». Өзге ұлт өкілдерін өзіңе тең көресің. Ұлтаралық татулық осыдан туындайды. Тілді сыйлағаның - ұлтты сыйлағаның. «Тіл тағдыры - ұлт тағдыры» деп бекерге айтылмаған. Тіл сақталса - ұлт та сақталады. Сондықтан, осындай тілдер фестивалінің тілдерді дамытуда маңызы өте зор. Қазақстанда тұрып келе жатқан түрлі этностар өздерінің тілдерін, мәдениеті мен салт-дәстүрін лайықты сақтап келе жатыр. Мұның барлығы қазақ халқының кеңдігі мен Елбасының дана саясатының арқасы деп білемін. Сондықтан осындай мерекелер көп болсын», - деді А. Осман.

Айта кетелік, Халықаралық ана тілі күні 1999 жылдың 17 қарашасында болған ЮНЕСКО-ның басты конференциясының 30-сессиясындағы қаулысымен бекітілген болатын. Содан бастап, тілдік және мәдени ерекшеліктер мен көптілділікті сақтау мақсатында 2000 жылдан бері әр жылдың 21 ақпанында тұрақты түрде атап өтіліп келеді.

Соңғы жаңалықтар