Тіл жанашырлары ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің қолынан бағалы кәдесыйлар алды
АНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін кешқұрым Астанадағы К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақ тілін өркендетуге және қазақ журналистикасының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға кәдесыйлар табыстады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кәдесыйларды тапсыру салтанаты театрда Қазақстан халқы тілдерінің ХІ республикалық фестивалі аясында қойылған «Нұрлы сөз» транслингвистикалық шоу-бағдарламаның барысында өтті.
Қазақ тілі мен әдебиетінің өркендеуіне және қазақ тілді журналистиканы қалыптастырып, дамуына елеулі үлес қосқан тіл жанашырлары үш аталым бойынша марапатталды.
Мәселен, министр «Аталы сөз» аталымы бойынша жуырда 75 жылдық мерейтойын атап өткен, ұлттың ұлы жазушысы Әбіш Кекілбаевты, «Жүйелі сөз» аталымы бойынша ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мырзатай Серғалиевті, «Ұрымтал сөз» аталымында белгілі журналист Сабыржан Шүкірұлын, «Тіл» журналының бас редакторы Нұргүл Қарағойшинаны және «Хабар» агенттігінің журналисі Берік Уәлиді марапаттады.