Тілдер фестивалі аясында «Тілі бірдің - тілегі бір» атты жастар форумы өтеді

Бұл туралы бүгін аталмыш шараға орай баспасөз мәслихатын өткізген Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразгүл Асанғазы мәлім етті.
«Бекітілген жоспарға сәйкес, ерекше атап өтуге тұрарлық шара қыркүйектің 20-21 күндері «Тілі бірдің - иілегі бір» атты республикалық жастар форумы өтеді. Бұған еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын, қазақшаға жетік, мемлекеттік тілді еркін меңгерген жастар қатысады. Бұдан бөлек, жыл сайынғы дәстүр бойынша «Тағзым мен тағылым» атты шара бойынша елордадағы Бауыржан Момышұлы, Жәнібек пен Керей хан, Кенесары хан ескерткіштеріне бабалар рухына тағзым етіледі», деді О. Асанғазы. Бұдан бөлек, шара барысында қала аумағында орналасқан әр мекеме өздері орналасқан көше атауларының мән-мазмұнына үңіліп, тұрғындардың танымын арттыратын іс-шара ұйымдастыруды қолға алады.
«Тілдер фестивалі уақыт озған сайын ауқымын кеңейтіп, саны да сапасы да артып келеді. Жалпы, ағымдағы жылы бір ай бойы Астанада өтетін бұл игі шарадан бас қаладағы бірде-бір мекеме тыс қалмайды», деді басқарма төрайымы.