Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы жыл аяғына дейін қайта құрылып, жаңа сапамен жұмыс істейтін болады
АСТАНА. 21 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы жыл аяғына дейін қайта құрылып, жаңа сапамен жұмыс істейтін болады.
Бүгін Астанада «Республикадағы мемлекеттік тілді үйрету орталықтарының жұмысын жүйеге түсірудің ұйымдастырушылық және әдістемелік мәселелері» тақырыбында өткен ғылыми-практикалық конференция барысында Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлы осылай мәлім етті.
Комитет төрағасының айтуынша, алдағы уақытта мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының қызметін рейтингтік бағалау жүйесін енгізу және оның құқықтық негізі мен әдіснамасын әзірлеу көзделеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ынталандыру және мониторинг жүргізу бағытында да бірқатар жұмыстар жоспарланған. «Бұл бағытта арнайы жүйе құрылады. Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне қойылатын талаптарға құқықтық базаны әзірлеу де көзделеді. Сонымен қатар, оқытудың инновациялық түрлері мен әдістемелерін әзірлеу арқылы қазақ тілін қашықтықтан оқытуды кеңінен енгізуге де болады», - дейді Ш. Құрманбайұлы.
Оның айтуынша, алдағы уақытта Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының жұмысын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан, ғылыми әлеует тұрғысынан жетілдіре түсу көзделеді. «Республикалық орталықтар өз деңгейінде жұмысын жүргізсе, онда аймақтардағы орталықтардың жұмыс сапасын да осыған орайластырып, реттей аламыз. Осы мақсатта Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының құрылымын, құқықтық мәртебесін сапалы жетілдірудің нақты шаралары басталып кетті. Үкіметке арнайы хат та жолданды», - дейді Ш. Құрманбайұлы. Оның айтуынша, аталған орталық жыл соңына дейін қайта құрылып, оның жұмысына білікті мамандар, ғалымдар тартылады. Бұл ретте республикалық орталық өңірлік орталықтардың жұмыстарын үйлестіріп, озық тәжірибелерді өңірлерге енгізуге, инновациялық әдістемелерді таратуға да септігін тигізетін болады. «Жыл соңына дейін орталықтың мәртебесі анықталып, қайта құрылатын болса, өңірдегі орталықтардың да жұмысын біріздендіру, стандарттау да жеңіл тимек. Республикалық орталық өзінің атына сай болуы керек. Сол үшін біз орталықтың қасынан әдістемелік кеңес құруды да ойластырып отырмыз. Оның құрамында өңірлерден ұсынылған таңдаулы мамандар жұмыс істейтін болады», - дейді Ш. Құрманбайұлы.