Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасының жобасы қазақи оймен, қазақи тілмен және қазақ ділмен қайтадан жазылуы керек

АСТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Еліміздің тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасының жобасы қазақи оймен, қазақи тілмен және қазақ ділмен қайтадан жазылуы керек.

Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасының жобасы қазақи оймен, қазақи тілмен және қазақ ділмен қайтадан жазылуы керек

Бұл пікірді бүгін елорда әкімдігінде Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасын қоғамдық талқылауда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Айтбай Бұлашев білдірді.

«Бағдарлама жобасының мәтіні орыс тілінде дайындалып, қазақ тілімізге шорқақ адам аударғандай әсер қалдырды. Кейбір тұстарын түсінбедім. Орысша мәтінін тауып алып, оқығаннан кейін бәрі орнына келді», деп атап өткен ол жобаның екінші мақсатының «Мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды көпшілікке тарату» деген атауына тоқталды.

«Қолдану деген сөз іс-қимылды білдіретін етістік емес пе? Ол зат емес. Іс-қимылды қалай біз көпшілікке таратамыз», деді А.Бұлашев.

Бұл орайда «мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды қамтамасыз ету» деп айтсақ жетеді деген ойын жеткізген ректор «демек, жобаға оның мәтінін қазақ тіліне бейімдейтін тиісті түзетулер енгізілуі керек немесе маңызы, мәні қалдырылып, қазақи оймен, қазақи тілмен және қазақ ділмен қайтадан жазылуы тиіс», деп баса айтты.