«Тілдің үштұғырлылығы» аясында шет тілдерді жетік меңгерген жеке тұлғаны тәрбиелеп шығару басты міндет - маман
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - «Тілдің үштұғырлылығы» жобасы аясында қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген, өзіндік ойлау дағдысы қалыптасқан жеке тұлғаны тәрбиелеп шығару басты міндет. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған пікірінде Ә. Досмұхамбетов атындағы мамандандырылған облыстық қазақ мектеп-интернатының ағылшын тілі пәні мұғалімі Зәуреш Айтбаева осылай мәлімдеген.
Ә.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған қазақ мектеп-интернаты - еңселі білім ордаларының бірі. Ұжымның өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру тәжірибелері республикамызда таратылып, үлгі-өнеге етіліп келеді. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындылары бойынша ондыққа енуіміз соның бір дәлелі болса керек. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында атап көрсетілгендей, болашақ кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру, білім секторының экспорттық әлеуетін көтеру, озық технологияларды енгізу - бүгінгі уақыт талабы. Бұл орайда, «Тілдің үштұғырлылығы» жобасы аясында қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген, өзіндік ойлау дағдысы қалыптасқан жеке тұлғаны тәрбиелеп шығару басты міндет болып табылады. Уақыт озған сайын функционалдық сауаттылықтың маңызы тіпті артып келеді. Мен кей кезде ата-аналар тарапынан «онсыз да сабақ жүктемесі көп оқушыларға бірнеше тіл үйретудің қаншалықты қажеті бар?» деген пікірлерді естіп қаламын. Бұл - жаңсақ түсінік. Көптеген елдердің ағылшын тілін жаппай игеру арқылы зор экономикалық табыстарға жетіп жүргені ешқандай дәлелдеуді қажет етпейді. Оқушыларды белсенді іс-әрекетке тартып, тілдік ортаны жетілдіру тынымсыз еңбектің, жүйелі ізденістің арқасында келетінін жұртшылық ұғынса, құба-құп болар еді.
«Ұстаздың қаруы - сабағы» демекші, көп жылғы тәжірибемнен түйгенім, тіл үйренудің ешқандай күрделілігі де, қиындығы да жоқ. Менің алға ұстанған басты мақсатым - оқу үрдісін ұйымдастыру барысында баланың пәнге деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық сүйіспеншілігі мен қарым-қабілетін ашу. Оның жолдары саналуан, әрқилы. Дәстүрлі және жаңа инновацияларды сабақтастырудың, оқыту нысандары мен технологияларды үнемі жаңартудың, оқу бағдарламасына әлемдік стандарттарды қолданудың арқасында бірнеше тілді білетін көптеген шәкірттерім қанаттанып ұшты. Мәселен, Дмитрий Нақысбаев деген шәкіртім Мәскеудегі П.Лумумба атындағы халықаралық жоғары оқу орнын бітіріп, қазір осында жұмыс істейді. Саясаттану ғылымдарының кандидаты. Ағылшын, қытай тілдерін еркін меңгерген. Айдана Қазыбаева деген шәкіртім халықаралық конкурста озып шығып, АҚШ-та бір жыл білімін жетілдіріп қайтты. Бүгінде Аграрлық академияда биотехнолог мамандығын ағылшын тілінде игеруге ден қойған. Биыл Әлішер Жүргенбаев деген оқушым республикалық байқауда ағылшын тілінен бірінші орынды иеленіп, Назарбаев Университетке грант ұтып алды. Болашағынан мол үміт күттіретін шәкірттерім аз емес. Мұндағы айтпағым, ұстаз кәсіби деңгейі жоғары, зияткерлік, шығармашылық әлеуеті мол, ізденісі жан-жақты маман болуы жеткіліксіз. Бұған қоса, тілдік ортаны жетілдіру мақсатымен ой-өрісті кеңейтудің, сөйлеу дағдысын орнықтырудың диалогтік қарым-қатынас жасау, сұхбаттар құру, рөлдік ойындар тәсілдерін қолдану өте тиімді. Мұның өзі бір-бірлерімен пікірлер алмасуға, ойларын түсінікті етіп жеткізуге дағдыландырады. Сонда ғана ұстаз бен шәкірттің бірлескен еңбегі нәтиже әкеледі.
Қазіргі уақытта тілдің үштұғырлылығын еңсеруде оқу орындарының материалдық-техникалық базасының да ықпалы зор. Әсіресе, ақпараттық- коммуникациялық технологиялардың дамыған кезеңінде жаңалықтар көшінен қалмаған абзал. Оқу үдерісінде ұжым екі бағытта жұмыс істейді. Бірі - гуманитарлық, екіншісі - жаратылыстану-математикалық пәндер. Әдістемелік-ғылыми бағдарламалар шеңберінде жоғары сыныптарда математика, физика пәндерін ағылшын тілінде оқыту үрдісі қолға алына бастады. Осыған орай ағылшын тілі мұғалімдеріне нәтижеге жұмыс істеу талабы қойылып отыр. Оқушылардың тілдік ой-өрісін кеңейту, тілге деген құрметін ояту - басты мәселе. Бірсарындылық оқушының ынтасын жоғалтады. Сондықтан, әр сабақты барынша түрлендіріп, жаңа технологияларды қолдану сабақ мазмұнын ашумен қатар әр оқушының бойында жақсы қасиеттерді қалыптастыруға кеңінен жол ашады.
Елбасы ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің аса маңызды шарты ретінде әлемдік бәсекелестік үдерісінде табысқа жетуге мүмкіндік беретін күшті рух пен білім екенін үнемі айтып келеді. Мемлекеттік тілдің маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Ал, ағылшын тілін білу қажеттілікке айналып бара жатқанын бәріміз де сезіп отырмыз. Сондықтан, қазақстандықтардың жаңа ұрпағы ең кем дегенде үш тілді меңгеріп, көптілділікті қалыпқа айналдырады деген сенім мол.
Зәуреш АЙТБАЕВА,Ә. Досмұхамбетов атындағы мамандандырылғаноблыстық қазақ мектеп-интернатының ағылшынтілі пәні мұғалімі