Тілі шұбар, діні мұнар ұрпақтан сақта! - Республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Шілденің 25-і. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат агенттігі республикалық «Айқын», «Астана ақшамы» газеттерінің бүгінгі және «Ана тілі» апталығының шілденің 23-індегі сандарында жарияланған өзекті материалдарына шолуды ұсынады.
Айқын газеті «Ажарлы астанаға тұмау келді. Оны кеше жазғанбыз. Бүкіл әлем талпақтанаудың жұқпалы дертінен сақтанып, алдын алып жатқанда біздің 12-15 жастағы бүлдіршіндер оны жұқтырып алды. Лондоннан, Еуропадан», деп жазған. Осы тақырыпқа орай басылым бұл дерт қазақстандықтарға қаншалықты қауіпті, індет қалай тарап, одан қалай сақтанамыз деген сауалдарына Республикалық СЭС-тің бас дәрігері, медицина ғылымының докторы, академик Кеңес Оспановтан жедел сұхбат алған. «Біріншіден, шошқа тұмауы - бұрын кездеспеген, жаңадан пайда болған вирус. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, бұрын ауру тарауы үшін 6 ай керек болса, наурыз айында ғана пайда болған індет 1 жарым айдың ішінде бүкіл дүниежүзін шарлап шықты. Қазірдің өзінде 143 мың адам осы дертті жұқтырса, оның 800 мыңы қайтыс болды», дейді Республикалық СЭС-тің бас дәрігері.
«Отырып қалған қыздар нәзіктігінен, тартымдылығынан айырылады» деген тақырыппен берілген сұхбат жазушы Ұзақбай Доспанбетовпен арада өрбіген. Сұхбат латын әліпбиіне көшу жағдайы, республика бойынша мектептерді 12 жылдық оқу жүйесіне көшіру, халықаралық терминдерді жаппай қазақшалау мәселелеріне арналған.
Осы басылымның «Тұлға» айдарында «Алуан қырлы асыл аға» атты тақырыппен көрнекті жазушы Мыңбай Ілестің азаматтық, адалдық, қаламгерлік қасиеттері туралы эссе-штрихтар берілген. Авторы - Жанат Елшібек.
«Қытай көкөнісі зиянды» атты мақалада «Өзге елдер аспанның үстінде өмір сүретіндей, өздерін «аспанасты еліміз» деп дәріптейтін көршіміз аз уақытта мол өнім алу үшін химиялық тыңайтқыштар мен пестицидтерді тым көп мөлшерде қолдану жөнінен әлем елдерінің бірде-бірін алдына салмайды екен», дейді газет тілшісі.
«Астана ақшамы» да елордалықтарды дүрліктірген А (Н1N1) тұмауына байланысты «Жұқпалы індет іргемізде жүр» деген тақырыппен мақала берген. «Қоғамдық көліктер халық көп жиналатын нысандар болғандықтан, жүргізушілер мен кондукторлар вирусты тез жұқтыруы мүмкін деген қауіп бар», дейді басылым тілшісі.
Газетте филология ғылымының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлының «Мұстафа Шоқайдың әдеби пайымы» атты ғылыми мақаласы берілген.
«Астана ақшамының» қос бетіне жас әнші Ерлан Рысқалимен арадағы көлемді сұхбат «Доминго... Менімен бірге елтіп, отырған жерінде қазақтың XIX ғасырына кетті...» деген тақырыппен жарияланған.
«Ана тілі» апталығының алғашқы бетінде жарық көрген мақалаға өткен аптада Елбасының Мәскеудің орталық атшабарының 175 жылдық мерейтойы шарасына қатысуы және ТМД елдерінің Мемлекет басшыларымен арадағы бейресми кездесулері арқау болған. Сонымен қатар газет Мемлекет басшыларының бейресми кездесуіне ұйытқы болған ат жарысына да көңіл бөлген.
«Шыныны шеттен тасымайтын болдық». Басылымға осы тақырыппен «ҚазҚұрылысШыны» компаниясының бас директоры Тоқмади Мұратхан сұхбат берген. «ҚазҚұрылысШыны» компаниясы қатардағы көп өндірістің бірі емес, ол - қауіпсіз шыны мен жылу-энергия сақтаушы шыныпакеттер өндіруге бағытталған қазақстан аумағындағы нөмірі бірінші зауыт», дейді компанияның бас директоры.
Апталық газет «Тілі шұбар, діні мұнар ұрпақтан сақта!», «Ана тіліміз аударма тілге айналып бара ма?», «Ниет болса, қазақ тілін үйрену еш қиын емес», «Тілге шорқақ Шортанды» атты тақырыптармен топтама мақала берген.
«Әйтеке би» қоғамдық қорының президенті Жұмабек Мұқанов «Әйтеке би және ұрпақ парызы» атты мақаласында ұлы бидің өмірдеректеріне қатысты олқылықтардың орнын толтыру, мәңгілік есте қалдыру шараларын ұйымдастыру сияқты іргелі міндеттерді атқарып келе жатқандықтарын баяндаған. «Қоғамдық қор негізінен әйтекебитанудың ақпараттық, насихаттық жұмыстарымен ғана шұғылданып келді, келешектегі қызметіміз де рухани, ғылыми-шығармашылық жұмыстарға арналады», дейді қор президенті.