Time журналының Ресейдегі бұрынғы арнайы тілшісі Барак Обаманың жаңа баспасөз хатшысы болды
АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - Time журналының Ресейдегі бұрынғы арнайы тілшісі 45 жастағы Джей Карни АҚШ Президенті Барак Обаманың жаңа баспасөз хатшысы атанды.
Ақ үй басшысы бүгін осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды РБК агенттігі Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.
Д.Карни Time журналында 20 жыл бойы жұмыс істеген, 1990-1993 жылдары Ресейдегі арнайы тілшісі болған. Ол КСРО-ның ыдырауымен байланысты оқиғалар туралы жариялап, жазған. Д.Карни орыс тілінде еркін сөйлейді.
Енді ол Барак Обаманың 2012 жылы өтетін сайлауалды науқаны кезінде Ақ үйдің ресми өкілі ретінде жұмыс істейтін болады.
Д.Карни баспасөз хатшылығына Б.Обамамен 2004 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Роберт Гиббстің орнына келіп отыр. Р.Гиббс АҚШ Президенті әкімшілігінің кеңесшілерінің бірі болады.