Times Higher Education-QS агентігінің бағалауы бойынша Еуразия Ұлттық университеті әлемнің ең үздік 500 университетінің қатарына кіріп отыр
АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Астанадағы Еуразия Ұлттық университеті Times Higher Education-QS агенттігінің бағалауы бойынша әлемнің ең үздік 500 университетінің қатарына кіріп отыр.
Бұл ретте рейтинг агенттігі әлемнің 15 мыңға тарта оқу орындарына бағалау жасаған. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Аманжан Жамалов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы уақытта бірқатар БАҚ еліміздің білім және ғылым жүйесін біршама сынға алып отырғанын байқауға болады. Дегенмен, жақында тәуелсіз халықаралық сарапшылардың жариялаған рейтингтік нәтижелеріне қазақстандық жоғары оқу орнының да ілігуі қуантты. Еуразия ұлттық университетінің ректоры да бұл фактіні растап отыр. Атап айтқанда, аталған университет Times Higher Education-QS агенттігінің рейтингі бойынша әлемнің ең үздік 500 университеті қатарынан орын алды. Тоқтала кететін жайт, бұл бағалау дүниежүзінің 15 мыңнан астам университеттеріне жүргізілген екен», деді депутат. Оның айтуынша, осы фактінің өзі отандық жоғары білім беру жүйесінің лайықты дамып отырғанын білдіреді. Өйткені, халықаралық ретингке ТМД кеңістігінен Мәскеу мемлекеттік университеті, Санкт-Петербор мемлекеттік университеті секілді беделді 5 ЖОО ғана енген. Солардың бірі Еуразия Ұлттық университеті болып отыр. Депутаттың сөзіне қарағанда, рейтинг агенттігі әлемдегі компаниялар мен университеттер арасындағы сарапшылар мен қызметкерлерден интерактивті сауалнама жүргізіп, нәтижесін соңғы екі жыл бойы жинақтаған.
«Бұл ретте жеткілікті қаржыландыру болса, қазақстандық жоғары оқу орны білім беру саласындағы әлемдік көшбасшылар қатарынан көрінетініне де сеніммен қарауға болады. Өйткені, ЕҰУ бюджеті үздік танылған университеттердің бюджетімен салыстырғанда тым төмен», деді А. Жамалов.