Тимофей Скатов Германиядағы турнирдің чемпионы атанды

Скатов
Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық, әлемнің 242-ракеткасы Тимофей Скатов Аугсбург (Германия) челленджер турнирінің чемпионы атанды.

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген 23 жастағы қазақстандық теннисші финалда өзінен үш жас кіші, дүниежүзілік рейтингіде 293-орында тұрған даниялық Элмар Мюллермен чемпиондық атақты сарапқа салды.

тимофей
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Бірінші партияда даниялық спортшы 6:3 есебімен басым түсті.

Екіншісінде Скатов 5:2 есебімен алға кетті. Мюллер таразы басын теңестіргенімен, Тимофей есесін жібермеді - 7:5.

Үшінші, шешуші сетте Скатов 5:2 есебімен алға шығып, матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін мүлт жіберді. Дегенмен кездесуді тағы бір брейкпен тәмамдады - 6:3.

Екі сағат 37 минутқа созылған бәсеке барысында Скатов 1 эйспен бірге 18 брейк-пойнттың тоғызын пайдаланды. Мюллер 4 эйс, 8 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, челленджер жарысында үздік шыққан Тимофей Скатов ATP Live рейтингісінде 199-орынға көтеріліп, ТОП-200-ге кіріп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдерінің алғаш рет іріктеу турнирінің финалында ойнайтынын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар