Тимофей Скатов Италиядағы турнирдің жартылай финалында ойнайды


АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 189-ракеткасы Тимофей Скатов Перуджа (Италия) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты.

Тимофей Скатов
Фото: ktf.kz

Қазақстандық спортшы ширек финалда әлемнің 178-ракеткасы, италиялық Марко Чеккинатоның мысын басты. 

Қарсыластар осыған дейін өзара екі рет кездесіп, екеуінде де М.Чеккинато жеңген еді.
Бұл жолы қос сет те 6:4 есебімен Т.Скатовтың пайдасына шешілді.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде Скатов 1 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың алтауын мүлт жіберген жоқ. Чеккинато 2 эйс, 4 брейкпен (12 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Тимофей Скатов финалға шығу үшін португалиялық Энрике Роша немесе швейцариялық Реми Бертоланың қай жеңгенімен таласады.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 1 037-ракеткасы, 19 жастағы Соня Жиенбаева Унин (Қытай) ITF W50 турнирінің жартылай финалынан тыс қалды.

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 306-ыншы, осы жарыстың 7-ракеткасы, жапониялық Рина Сайгоға есе жіберді — 1:6, 6:4, 4:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Соня Жиенбаеваның Қытайдағы жарыста азулы қарсыласын ұтқанын жазған едік.