Тимофей Скатов камбэкпен Италиядағы турнирдің ширек финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 189-ракеткасы Тимофей Скатов Перуджа (Италия) челленджер турнирінің ширек финалына өтті.
Аталмыш жарыста қазақстандық теннисшінің қос кездесуі де аса тартысты болды.
Т.Скатов алдымен 2 сағат 50 минутта аяқталған бәсекеде әлемнің 133-ракеткасы, литвалық Вилиус Гаубасты камбэкпен тізе бүктірді – 4:6, 6:4, 6:2.
Тимофей екінші айналымда әлемнің 181-ракеткасы, тайбэйлік Чунь-Хсин Цзэнмен бетпе-бет келді.
Үш сеттегі текетірес тай-брейкке дейін барды. Бірінші партияда тайбэйлік спортшы сәтті ойнады – 7:6 (7:2). Екіншісінде Скатов есе қайырды - 7:6 (9:7). Сосын үшінші, шешуші сетте де таразы басын өзіне аудара білді – 7:6 (7:4).
Төрт сағат 30 минутқа созылған матчта Т.Скатов 2 эйспен бірге 14 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Цзэн 6 эйс, 4 брейкпен (15 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Тимофей Скатов жартылай финалға шығу үшін әлемнің 178-ракеткасы, италиялық Марко Чеккинатомен таласады. Бұл ойын 5 маусымға белгіленген.
Перуджадағы жүлде қоры 203 900 еуроға бағаланған. Жеңімпаз 125 рейтингілік ұпайға қол жеткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Ролан Гаррос турнирінің жартылай финалына өткенін жазған едік.
Сондай-ақ Елена Рыбакина әлемдегі ең әдемі теннисшілердің қатарына кірді.