Тимофей Скатов Шымкенттегі турнирде бас жүлде үшін сынға түседі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 198-ракеткасы Тимофей Скатов Шымкент челленджер турнирінің финалына шықты.

Скатов
Фото: ktf.kz

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда рейтингіде 325-орындағы франциялық Антуан Гибодомен бетпе-бет келді.

Тимофей бірінші сетте 4:1 есебімен алға кетті. Сол басымдылығын сақтап қала алды – 6:2. Скатов екінші партияны да дәл осындай есеппен аяқтады - 6:2.

Бір сағат 23 минутқа созылған бәсекеде Т.Скатов 2 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Гибодо 3 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.

Тимофей Скатов финалда чемпиондық атақты әлемнің 359-ракеткасы, өзбекстандық Сергей Фоминмен сарапқа салады. Ол әлемнің 285-ракеткасы, босниялық Андрей Недичті жолдан тайдырды – 4:6, 6:1, 6:4. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аружан Сағындықованың Мысырдағы жарыстың ширек финалына жолдама алғанын жазғанбыз. 

Сондай-ақ Жібек Құламбаева жұптық сында Қытайдағы жарыстың финалына шықты.