Тимофей Скатов Швейцариядағы жарыстың негізгі кезеңіне өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 172-ракеткасы Тимофей Скатов Гштаад (Швейцария) ATP 250 турнирінің іріктеу сайысын сәтті аяқтады.
Қазақстандық спортшы іріктеу сайысының финалында әлемнің 198-ракеткасы, украиналық Виталий Сачконың мысын басты.
Бірінші партияда 6:2 есебі тіркелсе, Тимофей екінші сетте де есесін жібермеді – 6:4.
Бір сағат 22 минутқа созылған бәсекеде Скатов 6 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын құр жіберген жоқ. Сачко 5 эйспен шектелді.
Осылайша, Тимофей Скатов 13-19 шілде аралығында өтетін негізгі жарысқа жолдама алды.
Гштаад кортында Қазақстанның бірінші және екінші ракеткалары Александр Бублик пен Александр Шевченко өнер көрсетеді.
Доданың 1-ракеткасы болып тіркелген А.Бублик турнирді екінші айналымнан бастайды.
Әлемнің 99-ракеткасы А.Шевченко бастапқы кездесуін рейтингіде 126-сатыдағы франциялық Александр Мюллермен өткізеді.
Өткен жылы мұнда А.Бублик жеңімпаз атанған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Швейцариядағы турнирде қарсыласын бір сағатта тізе бүктіргенін жазған едік.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Румыниядағы турнирдің іріктеу сайысын жеңіспен бастады.