Тимур Бекмамбетов Қазақстандағы өңір басшыларына үндеу тастады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан Халықаралық волонтерлер форумында әлемге әйгілі режисер Тимур Бекмамбетов қазақстандық саясаткерлер мен өңірлердің басшыларын өзінің волонтерлік жобасына атсалысуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз әлемнің жаһандық цифрлық трансформациясы жүріп жатқан уақытта өмір сүріп жатырмыз. Оның ішінде экономика сол трансформацияларға ең жылдам ден қоятын саланың бірі. Қазір көптеген шығармашылық тұлғаларының әрекеті экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып келеді. Контент жасау мұнай шайқаудан маңызды болып бара жатыр. Оны контент жасайтын компаниялардың мұнай өндіруші, геологиялық, машина жасаушы компаниялардан да қымбат, ықпалды болып келе жатқанынан көруге болады. Креатив индустрия дәстүрлі экономика салаларынан әлдеқайда жылдам өсіп жатыр», - деді режисер.
Сондай-ақ, ол өзінің волонтерлер әлеміне қалай тап болғанын айтып берді.
«Мысалы, клип индустриясында өте үлкен кадр тапшылығын байқап отырмыз. Біз екі жыл бұрын мультипликациялық фильм түсіріп бастадық. Сол кезде әлем бойынша өте сапалы аниматорлар жоқ екенін көрдік. Сол кезде біз практикалық әлемнің мамандарын цифрлық машықтарға оқыту бағдарламасына жүгіндік. Менің ойыма бірінші келгені, 3D персонажды қозғалта алатын цифрлық аниматор керек еді. Ондай мамандыққа ең жылдам үйренетін маман актер болып шықты. Актер дайындауға қомақты ресурс жұмсалады. Сонша рерсурс салынған маманның цифрлық әлемдегі әлеуеті пайдаланылмай жатыр. Біз осылайша актерлерді аниматорларлықа баулитын бағдарлама ойлап таптық. Өзім туған Атырау облысында осындай бағдарламаны қолға алдық. Осы орталықтан оқып шыққан аниматорлар Лос-Анджелестегі аниматорлық компанияда жұмыс істей алады. Ол бағдарламаны іске қосқанбыз. Қазір ол бағдарлама әр түрлі құрылымдардың қолдауымен жұмыс істеп тұр. Мысалы, ол жобаны Өзбекстанда мемлекет қолдап отыр. Түркияда үлкен медиатоп қолдауда. Татарстанда мұнай компаниясы көмектесіп жатыр. Бүкіл әлем бойынша осындай мектеп ашып жатырмыз. Сол кезде тап болған ең басты проблема - өңірлерде тұрып келген актерлер ғаламдық қозғалыстың бөлшегі бола алмаймыз деген түсінікте болды», - дейді ол.
Режиссер сондай адамдардың өзіне деген сенімін ояту үшін әйгілі қазақстандықтарды туған халқының алдына шығарып, кездесулер өткізу керек деген ойға келіпті.
«Менің өзім Атырауда өскенмін. Таныстарым бір жақсы ой айтты. Шағын өңірлер мен қалалардан шыққан адамдар сондай шеткері аймақтағы жастарға үлгі бола алатынын айтты. Қазақстанның шағын елді мекендерінен шығып, үлкен жетістіктерге жеткен қазақстандықтар өте көп. Оралдан шыққан Сәуле Омарова бар. Санжар Тайжан деген Илон Масктың жобаларына қатысып жүрген қазақстандық бар. Бұл волонтерлік бастаманың идеясы – осындай адамдарды туған жеріне шақырып, төз тәжірибесін жерлестеріне айтқызу. Сол арқылы өңірдегі талапты адамдардың өзіне деген сенімін оятуға болады.
Бұл табысты әрі келешектің мүмкіндіктерін кеңірек түсінетін адамдардың әңгімесіне құрылады. Сондықтан, осы мінберді пайдаланып, қызығушылық танытқан адамдарға, саясаткерлерге, өңірлердің басшыларына үн тастағым келеді. Адамдарды шабыттандырып, ғаламдық үдерістермен байланыстыру дейтін миссияны бірлесіп іске асыруға болатынына сенемін», - деді Тимур Бекмембетов.