«Тимур Бекмәмбетов тараздықтарды сотқа берді»-республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 16 наурыз, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Тимур Бекмәмбетов тараздықтарды сотқа берді»-республикалық басылымдарға шолу

***

«Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөміріндегі «Қауіпсіздік - стратегиялық басты бағыттардың бірі» деген тақырыппен берілген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, он­да ұлттық қауіпсіздік стра­те­гиясы мәселесі, көлік және азық-түлік қауіпсіздігі, жаңа әскери док­тринаны әзірлеу, сыртқы сая­сат­тың жаңа тұжырымдамасы, құ­қық қорғау жүйесін жетілдіру, діни экстремизммен және лаң­кес­тікпен күрес, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкімет пен мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Аста­на­ның Конгресс-Холл сарайында қаланың тұрғын үй басқармасында кезекте тұрған бір топ астаналықтарға мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Наурызбен келген қуаныш» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді. Осы күндері жалпы саны 400 отбасы пәтер алуға қол жеткізді. Олардың бәрі де әлеуметтік жа­ғынан қорғалуға тиісті топтар­дың өкілдері. Атап айтқанда, 19-ы ҰОС-на қатысушы мен мүге­дектер, 33-і осыларға теңестірілгендер, 10-ы жетім балалар, 46-сы зейнеткерлер, 62-сі 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектер, 7-еуі мүгедек балалар асырап отырған, 8-і көп балалы, 47-сі толық емес отба­сылар. Бұлардан басқа әлеуметтік пәтерлер алушылар қатарында 3 адам ауыр дертке шалдыққандар, 8-і экологиялық апат салдарынан баспанасынан айырылғандар, 5-еуі мемлекеттік немесе қоғамдық мін­детті атқару кезінде қаза тап­қандар отбасылары болды.

***

Қазақстанда протезді ортопедия орталықтарының саны жеткіліксіз. Мұндай медициналық қызмет түріне жүгінетіндер орталықта апталап, айлап кезекке тұруға мәжбүр. Мәселен, Алматыдағы протезді ортопедия орталығының бір өзі ғана сегіз облыс пен Алматы қаласына қызмет көрсетеді екен. Бұл шалғай жерлерде тұратын мүгедек азаматтардың дер кезінде ем алуына үлкен қиындық туғызып отыр. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Протезді ортопедия орталықтары қашан көбейеді?» деген мақаладан егжей-тегжейлі мағлұмат аласыздар.

«Тимур Бекмәмбетов тараздықтарды сотқа берді». «Алаш айнасы» газетінің жазуынша, Әділет министрлігінің Интеллектуалды меншік құқығын қорғау туралы комитетіне голливудтық режиссер Тимур Бекмәмбетовтен арыз келіп түскен. Онда танымал режиссер Тараз базарларындағы «Елки» фильмінің қарақшылық көшірмелерін таратушыларды жауапқа тартуды сұрапты. Жазылған жайттың мән-жайына қаныққыңыз келсе, басылымның бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.

***

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Ресей нарығы қазақстандық ет өнімдерін өндірушілер үшін жабық. Бұдан саяси астар іздеп жүргендер қателеседі. Біздің өнім өндірушілердің ұсынған өнімі, оның дайындалу әдістері ресейлік стандартқа сәйкес келмейді. Сондықтан Қазақстан үкіметі мал жайылымдарын, мал азығының, тіпті мал сойылатын цехтардың жай күйін КО ғана емес, ЕО, ДСҰ талаптарына үйлестіруге көңіл бөле бастады», - дейді. Сұхбаттың толық нұсқасын «Нарықтық ел мәртебесін алу жолындағы келіссөздер ЕуроОдақ комиссиясының антидемпингтік зерттеулері деңгейінде жатыр» деген тақырыптап оқи аласыздар.

Жексенбі күні Ресейдің Ханты-Мансийск аймағында биатлоннан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Осы байрақты бәсеке жайында жазылған мақала «Айқын» газетінде «Жанарымызбен жер шұқып қайттық» деген тақырыппен берілген. Басылымның атап өтуінше, мылтық асынған шаңғышылардың басын қосқан додада 11 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Барлығы 40 мемлекеттің спортшылары жарыс жолына шықса, бас жүлде үшін негізгі тартыс Германия мен Норвегия құрамалары арасында өтті. Бұл жарысқа Қазақстан құрамасы да қатысты. «Өкінішке қарай, Ресей жерінде жерлестеріміздің жолы болмады. Жүлде алу былай тұрсын, ең болмағанда бірде-бір өреніміз көңіл көншітерлік өнер көрсете алған жоқ», - деп жазады басылым.

***

«Кеше Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Украинаның Сыртқы істер министрі Константин Грищенкомен телефон арқылы сөйлесті», - деп жазады «Казахстансая правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, әңгімелесуші тараптар Президент Н.Назарбаев пен Президент В. Януковичтің кездесулері ерекше жігер берген екіжақты және көпжақты сипаттағы Қазақ­стан және Украина ынтымақ­тас­тығының одан әрі даму бета­лы­сына байланысты мәселелер шеңберін қарастырды. Қос елдің сауда-экономи­ка­лық ынтымақтастығының қарқы­ны­на тоқтала отырып, тараптар стратегиялық әріптестікті жан-жақты дамытудың маңыздылы­ғын атап өтті.