Тимур Құлыбаев тұтынушылық несие алушылардың көбеюіне алаңдаушылық білдірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Банктердің несиелендіру шаралары тиісті деңгейде емес. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ірі банктердегі көрсеткіштерге тоқталсақ, өткен жылы жүргізілген сауықтыру шаралары шынымен де үлкен көмек берді. 3 трлн теңгеден астам қаржы коммерциялық банктерге кірді. Өкінішке қарай, несиелендіру үлесі әлі де тиісті деңгейде емес. Оның көлемі ЖІӨ-ге шаққанда төмендеуде. Мәселен, бізде ЖІӨ-ге қарағанда несиелер үлесі 31 пайыз болған еді, ал қазір 25 пайыздан кем», - деді төралқа төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, өкінішке қарай тұтынушылақ несие алушылар саны өсіп келе жатыр.
«Неге? Себебі тауарлар импорты да артып келе жатқанын көріп отырмыз. Адамдарға тұтынушылық несиелерді береміз, осы қаржыны тұрғындар тауарларды, автомобильдерді алуға жұмсайды. Әрине, бұл біз күткендей нәтиже бермейді», - деп тоқталды Құлыбаев.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Атамекен» ҰКП қызметінің 5 жылдық қорытындысы бойынша мәліметтер баяндалды. Онда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов және оның орынбасарлары сөз сөйледі.