Тимур Құлыбаевты өзінің қызмет бабын пайдаланып, мемлекет мүлкін жымқырды деген айыптаулар негізсіз - қаржы полициясы
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Мұхтар Әбілязовтың Тимур Құлыбаевты өзінің қызмет бабын пайдаланып, мемлекет мүлкін жымқырды деген айыптаулары ешқандай негізсіз», деп мәлімдеді бүгін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров. Бұл туралы ол бүгін журналистермен болған арнайы брифингте мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның мәліметтеріне қарағанда, агенттік өкілдері М.Әбілязовтан елдегі 15 мұнай компанияларымен байланысты заңсыз келісімдер жасалғандығы жөніндегі арыз-шағымын қараған. Онда М.Әбілязов Қазақстанның «Қазэнерджи» мұнай, газ және энергетика кешендерін ұйымдастыру қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаевты лауазымын пайдалана отырып мемлекет мүлкін жымқырып, «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамына акцияларды белгіленген межеден жоғары бағамен сатты деп айыптаған. «Осыған орай аталмыш мәселе бойынша қазақстандық тәуелсіз бағалаушы компаниялардың қатысуымен тексеру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар аталмыш шараға халықаралық инвестициялық банктердің де материалдары пайдаланылды. Бұған қоса алдында атап өтілген 15 компанияның активтерінің нарықтық бағасын белгілеу мақсатында қосымша сараптамалық бағалау жұмыстары жүргізіліп, мемлекет мүлкін сату ісіне қатысатын мемлекеттік органдардың 60-тан астам басшыларынан түсініктеме алынды. Нәтижесінде М.Әбілязовтың арызында көрсетілген фактілердің ешқайсысы да расталған жоқ», деді агенттік төрағасы.
Оның айтуынша, М.Әбілязовтың қорытындыларын жыл сайын арнайы аудит жүргізіп отыратын халықаралық ұйымдар да жоққа шығарып отыр. Ал арнайы тартылған мамандардың қорытындылары бойынша мемлекет иелігіндегі компаниялардың акцияларының бағасы заңсыз төмендетілген деген айыптаулар ешқандай негізсіз және дәлелсіз. «Тексеру шаралары аталмыш компаниялармен келісімдердің сол уақыттағы нарық бағамы мен халықаралық капитал нарығындағы сұраныстың және ұлттық компанияның қаржылық жағдайына байланысты жүргізілгендігін көрсетті. Ол келісімдерді жүзеге асыру барысында тек Қазақстан заңдары ғана емес халықаралық стандарттар негізге алынған. Ал М.Әбілязов ұсынып отырған материалдар аталмыш операциялардың барысын толық көрсете алмайды. Арызданушы бұл құжаттардың арасында тек өзінің көзқарасына ғана сай келетін бөліктерін ғана ұсынып отыр», деді Қ.Қожамжаров.