Тимур Сүлейменов 2018 жылғы мұнайдың болжамды бағасын атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылғы мұнайдың болжамды бағасы 1 барреліне 55 АҚШ долларына дейін ұлғайтылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 2018 жылға арналған негізгі макрокөрсеткіштер мен бюджет параметрлері болжамының нақтылауын ұсынған ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біріншіден, 2017 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 52,4 трлн теңге деңгейінде бағаланады. Нақты өсімі 4,0 пайызды құрады. Екіншіден, 2018 жылғы қаңтар-ақпанда экономиканың өсімі 4,0 пайыз болды. Үшіншіден, 2018 жылы мұнайдың болжамды бағасы бір барреліне 45 АҚШ долларынан 55 АҚШ долларына дейін ұлғайды. Металдардың баға индексі 0,4 пайызға артты. Төртіншіден, АҚШ долларына қатысты теңгенің есептік бағамы 340 теңге деңгейінде сақталды», - деді министр.
Оның айтуынша, 2017 жылғы нақтыланған базаны есепке ала отырып, 2018 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 57,2 трлн теңге көлемінде болжанады. Ол тамызда мақұлданған көрсеткіштен 1,3 трлн теңгеге артық. Нақты жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,8 пайыз деңгейінде күтілуде.
Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 9 200 АҚШ долларға дейін ұлғаяды. Өнеркәсіптің өсуі 3,3 пайызға дейін артуымен қайта қарастырылды. Бұл өңдеу өнеркәсібінің күтілетін аса жоғары өсімімен байланысты. Энергетика министрлігінің болжамдары бойынша 2018 жылы мұнай өндіру көлемі 87 млн тоннаны құрайды. Мұнайдың әлемдік бағаларының ұлғаюын және экономиканың өсімін ескере отырып, экспорт 54 млрд АҚШ долларына дейін, ал импорт 34 млрд АҚШ долларына дейін артады. Инфляция бекітілген 5,0-7,0 пайыз дәлізінде сақталады», - деді Тимур Сүлейменов.