Тимур Сүлейменов алдағы 3 жылдық инфляцияға болжам жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл инфляция 7,5-9,5 пайыз шегінде болады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

Ұлттық банк
Фото: Ұлттық банктің баспасөз қызметі

«Биылға инфляция болжамы өзгерген жоқ. Баға 7,5-9,5 пайыз шегінде өседі деп күтілуде. 2025 жылға арналған болжам 5,5-7,5 пайыз деңгейінде сақталды. 2026 жылы біздің бағалауымыз бойынша инфляция таргетке жақындап, 5-6 пайыз шегінде қалыптасады. Осы жылдың ақпан айында өткен жылғы жоғары база толық шыққанына және экономика ішінде баға қысымы факторларының болуына байланысты инфляцияның төмендеу қарқыны баяулайды. Ақша-кредит шарттарының ұстамды қатаң сипаты және сыртқы ортадағы баға өсу жағдайының одан әрі жақсаруы инфляцияның төмендеуіне ықпал етеді. Болжамда көрініс тапқан негізгі тәуекелдер: бюджет саясаты параметрлерінің жеткіліксіз анықтығы, ағымдағы фискалдық ынталандыру, тұрақсыз инфляциялық күтулерге негізделген инфляцияның орнықтылығы, сондай-ақ Қазақстанның негізгі сауда-серіктестеріне қатысты санкциялық қысымның ықтимал өсуі», - деді ол Ұлттық банкте өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, Қазақстан экономикасының 2024 жылғы өсу болжамы 3,5-4,5 пайызға дейін көтеріліп, 2025 жылға 5,5-6,5 пайыз деңгейінде сақталды. 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің өсуі іскерлік белсенділік ахуалының жақсаруы аясында ішкі сұраныспен қамтамасыз етіледі. 

«Біз 2025 жылы экономикалық өсімнің мейілінше жоғарылауы, көбіне, Теңіз Шевройлдағы өндірістің ұлғаюына байланысты мұнай өндіруді арттыруды жоспарлап отырған Үкімет шараларының арқасында болады деп болжаймыз. 2026 жылы мұнай бағасының сценарий бойынша төмендеуі және болжамның алғышарттары кезінде өсу қарқыны 3,5-4,5 пайызды құрайды. Осы бұл болжамдар еліміздің Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен Үкіметтің басқа да бағдарламалық құжаттарына негізделгенін атап өткім келеді. Ал қазіргі уақытта Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдар экономиканың өсу қарқынын арттыру саясатына қатысты жаңа шараларды әзірлеп жатыр. Осы саясатты қалыптастыруға және аталған шараларды іске асыруға қарай біздің инфляция мен жалпы ішкі өнім туралы болжамдарымыз қайта қаралуы мүмкін», - деді Тимур Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар