Тимур Сүлейменов валюта нарығындағы неліктен доллар көбейгенін түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов валюта нарығындағы доллар көлемінің өсуіне қатысты пікір білдірді.

валюта
Фото: pexels

Ұлттық банк басшысының айтуынша, шетел валютасы ағынының негізгі көздерінің бірі – мұнай бағасының өсуі. Бұған дейін мұнай баррелі шамамен 60–65 доллардан сатылса, қазір оның бағасы 100 доллардан асып түсті. Бұл мұнай компанияларының экспорттық түсімдерін арттырды, ал сол қаражаттың бір бөлігі ішкі нарыққа келіп түседі.

- «Доллар шамадан тыс асып түсті» деген ұғым жоқ. Егер нарықтық экономика жұмыс істеп, шетел валютасында табыс алса, ол қаражат нарыққа түседі – бұл жай ғана факт, – деді Т. Сүлейменов Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында.

ҰБ төрағасы мыс пен басқа да металдардың бағасы да 11–14 пайызға өскенін атап өтті.

— Жалпы алғанда, біздің экспорттық түсіміміз 27%-ға артты. Бұл шетел валютасындағы экспорттық табысымыздың да айтарлықтай мөлшерде өскенін білдіреді. Нәтижесінде, нарыққа көбірек доллар келіп жатыр. Дәл қазір осы жағдай байқалып отыр, – деді Тимур Сүлейменов.

Айта кетейік, Ұлттық банк төрағасы жыл соңына дейін доллар бағамының күрт әлсіреуіне немесе өсуіне негіз жоқ екенін айтты.