Тимур Сүлейменов жыл басынан бергі инфляция деңгейін атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында еліміздің жалпы ішкі өнімінің өсімі 3,8 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тимур Сүлейменов жыл басынан бергі инфляция деңгейін атады

«Қазақстандағы экономикалық белсенділік жағымды серпінді көрсетуді жалғастыруда. Алайда, өткен аймен салыстырғанда бірқатар бәсеңдеу байқалып отыр. Жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,8 пайызды құрады. Бәсеңдеу бәрінен бұрын құрылыстағы және металлургиядағы баяулаумен негізделеді. Жалпы алғанда экономикадағы өсу инфляциялық қысымның төмендеуімен және жоғары инвестициялық белсенділікпен сүйемелденіп отыр», - деді министр.

Оның дерегінше, инфляция жылдың басынан бері 2,2 пайызды құрады. 2017 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 0,5 пайыздық тармаққа төмен. Жылдық инфляция 6,5 пайыздық деңгейінде тіркелді. Инфляцияны жаңа аралықта ұстап тұру қамтамасыз етілуде.

«Ағымдағы жылғы 1 мамырға елдің халықаралық резервтері 1,8 пайызға артып, 90,7 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды. Алтын валюта резервтері 3,4 пайызға өсті. Ұлттық қордың активтері 0,9 пайызға артты», - деді Тимур Сүлейменов.