Тимур Тоқтабаев ҚР ИДМ-де этика жөніндегі уәкіл болып тағайындалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы орталық мемлекеттік органдардың бірі болып Инвестициялар және даму министрлігі этика жөніндегі уәкіл тағайындады. Енді бұл министрліктегі этика жөніндегі уәкіл - Тимур Серікұлы Тоқтабаев болады. Бұл туралы Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында ведомствоның кадр жұмыстары жөніндегі департаментінің директоры Марат Иғали мәлім етті.
Т.Тоқтабаев Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясын құқықтану мамандығы бойынша, Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін геология мамандығы бойынша, Көкшетау мемлекеттік университетін қаржы мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2003 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің органдарында офицер қызметтерін атқарып, бастаған. 2006 жылы «Қазгеоақпарат» республикалық геологиялық ақпарат орталығы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған. 2008 жылдан бастап Энергетика және минералды ресрустар министрлігінің Жер қойнауларын пайдалану департаментінде директор орынбасары, басқарма басшысы қызметтерін атқарған. 2010 жылы «Тау-Кен-самұрық» Ұлттық тау-кен компаниясында құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры қызметіне тағайындалды.
2011 жылдың тамызынан бері сол кездегі Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде жер қойнауын пайдалану департаменті директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. Қазіргі таңда Инвестициялар және даму министрлігінің жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры қызметін атқарады. Үйленген. Бір ұлы бар.
Этика жөніндегі уәкіл дегеніміз - қызметтік этиканы қамтамасыз ету жөніндегі қызметті қадағалдайтын мемлекеттік қызметкер.