Тимур Турлов шахматтан Әлем чемпионаты неліктен Астанада өтіп жатқанын түсіндірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Jibek Joly арнасына берген сұхбатында Астана қаласы шахматтан 7 сәуір мен 1 мамыр аралығында Әлем чемпионаты өтетін орын ретінде неге таңдап алынғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Астанада шахматтан Әлем чемпионатын өткізу үшін жаңа жылдың қарсаңында таласқа түстік. Шешім қаңтарда қабылданды. Біздің түсінгеніміз бойынша, еліміздің географиялық жағдайы осындай шешім қабылдаудағы басты фактордың бірі болған. Бұл жарыста Қытайдың гроссмейстерлері мен Ресейдің гроссмейстері Әлем чемпионы деген атақ үшін күш сынасуы керек. Біз сол екі шебердің жолының қиылысында тұрмыз», - деді ол.

Тимур Турлов Қазақстан бұған дейін де шахматтан әлемдік деңгейдегі турнирді сәтті өткізгенін еске салды.

«Былтыр жыл аяғында блиц-рапидтен Әлем чемпионатын сәтті өткізген тәжірибеміз де бар. Сол да пайдаға асты. Шынына келгенде, біз кейінгі кезде еліміздің алдынан ашылған мүмкіндіктерді пайдаланып отырмыз.

Шахмат әлеміндегі осындай ең қызықты шара үшін таласта озық шығып, Қазақстанды осы жылдың нағыз шахмат империясына айналдыраға алғанымызды мақтан тұтамыз», - деді Федерация президенті.


Соңғы жаңалықтар