Тимуршылар ісінің жалғасы «Қамқор» шарасында көрініс тапты
АСТАНА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада Жеңістің 64 жылдығы қарсаңында қарт адамдар мен мүгедектерге көмек көрсету бойынша «Қамқор» қайырымдылық шарасы өз жұмысын бастады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Жастардың бұл бастамасы бұрынғы тимуршылар ісінің жалғасы іспетті. Студенттер қатарынан құралған волонтерлік топтар қариялар мен мүгедек жандармен жүздесіп, олардың мұң-мұқтаждарын қанағаттандыруға, үй шаруашылығында көмек көрсетуге атсалыспақ», деді Қазақстан Студенттері альянсының көшбасшысы Ермек Мақашев шараның салтанатты ашылуы барысында.Шараның басты мақсаты ? жастардың дүниетанымында отансүйгіштік және адамгершілік зерде қалыптастыру, ұрпақ жалғастығын, сабақтастығын сақтау. «Қарттарға көп нәрсе керек емес. Өздеріңіздің жан жылулықтарыңызды, көңілдеріңізді бөлсеңіздер - оның аржағында көп дүниелер алдарыңыздан шығады. Сондай рухпен тәрбие алған азамат қана біздің еліміздің нағыз патриоты, еліміздің болашағы бола алады. Отан туын әр кезде де жоғары көтеріп жүретініне сенімді боламыз», деді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов өзінің сөзінде.