Тыңшылық және жаһандық қауіпсіздік: әлемдегі ТОП-5 барлау қызметі
5 қараша – барлау бөлімшелері әскери қызметшілерінің кәсіби мерекесі. 1992 жылы дәл осы күні Қазақстан Қарулы күштері Бас штабының Барлау басқармасы құрылды. Әскери барлау мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға айтарлықтай үлес қосады. Kazinform агенттігі айтулы датаға орай әлемдегі үздік 5 барлау қызметі жайлы шолу дайындады.
Бүгінде барлау қызметі белгілі бір елдің әлемдік аренадағы көшбасшылық тұғырда берік орнығу үшін түрлі технологияларды және агентуралық тыңшылықты (HUMINT) қолданатын заманауи соғыстың теңдессіз құралына айналды.
АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы
1947 жылы құрылған Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) әлемдегі ең танымал барлау қызметі саналады. Оның негізгі міндеті — шет елдерден ақпараттарды жинау және терроризммен күрес. Басқарма әлемге өте кең таралған агенттік тыңшылық желісімен, жоғары технологиясымен белгілі. ОББ көптеген атышулы арнайы операцияларда негізгі рөлді ойнады. Оның қатарында 2011 жылы әлемдегі №1 террорист Усама бен Ладенді қолға түсіру операциясы да бар.
АҚШ Сенатының Барлау қызметі бойынша комитеті аппаратының бұрынғы директоры доктор Лох К. Джонсон сынды сарапшылардың айтуынша, ОББ-ның басты артықшылығы — тыңшылықпен әлемдегі ең жоғарғы технологияларды үйлестіре алуында.
«Технологиялық үстемдік және өзімен жақтас агенттіктермен (барлау қызметтері – ред) әріптестігі оны (ОББ-ны – ред) әлемдік барлау қызметінің негізі етіп отыр», - дейді Лох К. Джонсон.
Басқарманың тыңшылықтан әскери миссияларға дейінгі құпия операциялары әлем бойынша құрметке де ие болуда, сондай-ақ сынға да ұшырап жатады. Соңғы уақытта басқарма киберқауіпсіздік саласында қауырт жұмыстарды қолға алды, себебі жаһандық қауіп қазіргі кезде цифрлық кеңістікке ойысып бара жатыр.

Моссад — Израиль
Моссад өзінің жоғары нәтижелі әрі шулы операцияларымен танымал. 1949 жылы құрылған бұл ұйым аса батыл құпия операцияларымен және тыңшылық ақпаратты, әсіресе терроризммен күрес және сыртқы қауіптен қорғану кезінде, «тікелей ошақтың көзінен» алу тәсілімен танылды.
Әлем жұртшылығының назарын аударған соңғы операциялардың бірі «Хезболла» мүшелеріне ішіне жарылғыш зат орнатылған пейджерлерді сатуы, содан соң бұл құрылғылардың Ливан мен Сирияда жаппай жарылуы болды. Бұл Моссадтың Израиль мүддесін қорғау үшін инновациялық әрі даулы тәсілдерді қолдануға бара алатынын көрсетті.
Израиль барлау қызметі бойынша сарапшы Ронен Бергман Моссадтың жетістіктерінің сыры жоғары технологиялар мен қарсыластың ішіне өте терең сіңірілген агенттер желісін үйлестіре әрекет етуінде жатқанын айтады. Израиль барлау қызметінің Таяу Шығыста мәліметтерді жинау бойынша теңдесі жоқ, сондықтан да ол өңірлік қауіпсіздік мәселесінде негізгі ойыншы болып отыр.

МИ-6 (Құпия барлау қызметі) — Ұлыбритания
МИ-6 (Құпия барлау қызметі) Ұлыбритания үшін сыртқы барлау қызметімен айналысатын ұйым. Оның тарихы сонау Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінен тамыр тартады. МИ-6 XX және XXI ғасырдағы барлық ауқымды геосаяси оқиғаларға араласты. Бүгінгі таңда бұл қызметтің негізгі бағыты – терроризммен, кибертыңшылықпен күрес және қарсылас елдердің әрекеттеріне мониторинг жасауға негізделген.
МИ-6-ның бұрынғы басшысы Ричард Дирлав британдық барлау қызметінің америкалық және еуропалық барлау қызметтерімен әріптестігі оның мүмкіндіктерін әсіресе терроризммен күрес және киберсоғыс саласында арттыра түседі деп мәлімдеді.
— МИ-6-ға кең таралған жаһандық желі (барлау қызметінің желісі – ред) үстемдік береді және қазіргі тыңшылық қызметтің талаптарына сай болу үшін ұйым дамып, жетілу үстінде, - деді ол.

DGSE (Сыртқы қауіпсіздіктің бас басқармасы) - Франция
Франциялық DGSE еуропалық және әлемдік барлау қызметтері арасында салмақты ойыншы саналады. Басқарма өз жұмысында терроризммен күрес, кибербарлау, Францияның мүддесі бар Африкадағы операцияларға басымдық береді.
DGSE қуаты Сахель өңірінде терроризмге қарсы күрес операциялары кезінде паш етілді. Франция барлауының үйлестірушісі Лоран Нуньестің айтуынша, DGSE-нің терроризммен күрес және киберқауіпсіздікке аса ден қоюы жаһандық тұрақсыздық жағдайында Францияның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Басқарманың радиоэлектрондық барлау (SIGINT) және агентуралық тыңшылық саласында зор тәжірибесі бар. Бұл Еуропа, Африка ғана емес, Таяу Шығыста да, одан бөлек Францияның ұлттық мүддесі бар өзге өңірлерде де қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Ұлттық қауіпсіздік министрлігі - Қытай
Қытайдың Ұлттық қауіпсіздік министрлігі өзінің кең ауқымды кибертыңшылық операцияларымен және Қытайдың экономикалық әрі геосаяси мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарымен танымал. Соңғы жылдары министрлік киберсоғысқа қатты күш салып кетті және батыс елдері үкіметтері әлемдегі бірнеше үлкен кибершабуылды осылардан көріп отыр.
RAND Corporation-нің қауіпсіздік мәселесі бойынша сарапшысы Майкл Чейздің айтуынша, Қытайдың Ұлттық қауіпсіздік министрлігі бұл елдің технологиялық және геосаяси көшбасшылыққа ұмтылысында негізгі тірегі болып отыр. Ұйымның киберәрекеттері мен экономикалық тыңшылық саласына аса ден қоюы әлемде теңдессіз саналады. Олардың асқан шеберлікпен байқаусыз әрекет ететіні сонша, тіпті батыс елдерінің барлау қызметтеріне бәсекелестік тудыра алады.
ҰҚМ операциялары кибертыңшылықтан бастап агентуралық тыңшылыққа дейін аралықта түрлі салаларды қамтиды, бұл оны әлемдегі ең бір әмбебап және мықты барлау қызметтері қатарына қосады.
— Киберқауіпсіздік және терроризм — XXI ғасырдағы басты қауіп, сондықтан барлау қызметтері үнемі бейімделіп отыруы керек, - дейді MI5 басшысы Кен Маккаллум.

Әлемде кибершабуылдың көбеюі көптеген барлау қызметтерін цифрлық барлауға ден қоюға мәжбүр етті. Моссадтың жақында Ливанда пейджерлердің жарылуына алып келген арнайы операциясы инновациялық тәсіл екені сөзсіз, алайда ол дау тудыратын да тәсіл екені анық. Барлау қызметтері үнемі дамып, өзгеріп отыратын барлау ісінде көш басында болу үшін осындай да амалдарға баратыны аңғарылады. Бұл операция барлау қызметтері көп жағдайда моральдық тұрғыда шешімдер қабылдаудың ауыр жағдайында болатынын көрсетеді. Бұндай сәттерде тәсіл мен стратегия этикалық нормалар мен халықаралық заңдармен санасып отырады.
Дегенмен, ЦРУ мен МИ-6 әлемде терроризммен күрес ісінде технологияларға мән беру және әріптестермен мәлімет алмасу арқылы үздіктер қатарында қалып отыр.
Материалдың түпнұсқасын мына сілтеме арқылы оқи аласыз.
Сондай-ақ «Сырбар» ардагері қазақ барлау тарихы Абылай хан заманынан бастау алғанын айтып берді.