Тиіп-қашып жұмыс істейтін басшылардан құтыламыз - Бокс федерациясының жаңа президенті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан бокс федерациясының жаңа президенті Шахмұрат Мүтәліп Түркістан облысына іссапармен барды.  

 Қазақстан бокс федерациясы
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлім еткендей, Шахмұрат Мүтәліп пен федерацияның вице-президенті, даңқты боксшы Мұхтархан Ділдәбеков Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қабылдауында болды. Облыс басшысы спорт саласын қолдауға әрдайым дайын екенін айтты.

– Демографиялық өсім, жасөспірімдер мен жастар саны бойынша Түркістан өңірі елімізде көш бастап тұр. Сондықтан жастарды жан-жақты дамытуға қолдау көрсету – міндетіміз. Сіздердің боксты, спорт саласын дамыту туралы бастамаларыңызды қолдаймын. Өзіміздің балалардан ештеңені аямаймыз. Барлық аудан, қалада типтік үлгіде бокс залдарын салу жағын қарастырып көруге болады. Бұл өңірдің бокс мектебі, бокс тарихы өте мықты. Үнемі көш басында жүретін еді. Біз бокс саласындағы осы көшбасшылықты қайтаруға күш саламыз. Әріптестік орнатып, бірге жұмыс істейміз, - деді Дархан Сатыбалды.

Ал бокс федерациясының басшысы Шахмұрат Мүтәліп алдағы жоспарларын айтты.

– Бүгінде ұлттық құрама сапында Түркістан облысынан 2 боксшы Италияда өтетін лицензиялық жарысқа дайындалып жатыр. Ұлттық құрамадағы жігіттерден үлкен үміт күтіп отырмыз. Аймақтарға арнайы келіп, боксты дамыту мәселелерін ақылдасып жатырмыз. Өңірлердегі федерациялардың жұмысын сараптаймыз. Тиіп-қашып жұмыс істейтін федерация басшыларын алмастырамыз. Мақсатымыз – барлық аймақта мықты командалар жасақтап, бәсекелестікті күшейту. Бұл ретте федерацияға облыс, қала әкімдіктерінің де қолдауы қажет, - деді Қазақстан бокс федерациясының президенті. 

Соңғы жаңалықтар