Тіректі ауылдарда жеткілікті өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым құрылатын болады - ҚР Өңірлік даму министрлігі

АСТАНА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - Тіректі ауылдарда жеткілікті өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым құрылатын болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Өңірлік даму вице-министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.

Тіректі ауылдарда жеткілікті өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым құрылатын болады - ҚР Өңірлік даму министрлігі

«Мемлекет басшысының биылғы 10 сәуірде өткен Кәсіпкерлер кеңесінде берген тапсырмасын орындау мақсатында Өңірлік даму министрлігі ауылды жандандыру мәселелері бойынша ұйымдастыру шараларының жоспарын (Жол картасын) әзірледі. Ауылдық аймақтардың ағымдағы жағдайын бағалау үшін, елді мекендердегі өндірістік, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды толықтай зерделеу, сондай-ақ олардың әлеуметтік-экономикалық дамуын талдаудың негізінде ауылдық елді мекендерді топтастыру ұсынылады. Топтастыру нәтижесінде тиісті дамыту шараларын дайындау үшін ауылдық елді мекендердің 4 тобы анықталады. Бұл - аудан орталықтары, тіректі ауылдық елді мекендер, ауылдық және кенттік округтердің орталықтары, басқа да ауылдар. Аудан орталықтары мен тіректі ауылдық елді мекендерді ауыл мен қаланың экономикалық, әлеуметтік, мәдени және демографиялық байланыстарына көпір болып қызмет атқаратын экономикалық өсу орталықтары ретінде дамыту ұсынылады», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, Жол картасына сәйкес, тіректі ауылдық елді мекендерді «Өңірлерді дамыту» бірыңғай бағдарламасының аясында жеке кешенді жоспарды әзірлеу арқылы дамыту ұсынылады. Кешенді жоспарда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту мен жаңғырту, шағын және орта бизнесті, әлеуметтік, сондай-ақ инженерлік инфрақрылымды дамыту, тұрғын үй құрылысын салу, мемлекеттік, қаржылық, сервистік және басқа да қызметтерді дамыту бойынша шаралар көзделетін болады.

«Тіректі ауылдық елді мекендерін және оларға іргелес аумақтардың тұрғындарына қажетті әлеуметтік стандарттарды қамтамасыз ету үшін, бұл ауылдарда жеткілікті өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым құрылатын болады. Өз кезегінде тіректі ауылдық елді мекендер аудан орталығының, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың ықпал ету аймағына кіреді», - деді С. Жұманғарин.