Тіс емханасында дәрігердің еккен дәрісінен соң көз жұмған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Саратов облысында тіс емханасында дәрігер дәрі еккен соң 17 жастағы жігіт көз жұмған.
Қазір оның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қалалық тіс емханасына тісін емдетуге келген жасөспірімге емхана қызметкерлері жергілікті жансыздандыру инъекциясын еккен. Алайда осыдан кейін бозбала есінен танып қалған. Ақ халаттылар оған жәрдем көрсетуге тырысқан, тіпті, жедел жәрдем бригадасын шақырған. Алайда жасөспірім есіне жимастан қайтыс болған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, өлімнің туындауына медициналық препараттың емделушінің ағзасына енгізілген соң анафилактикалық талықсу тудыруы себеп болған. Қазір іс РФ ҚК «Өз кәсіби міндетін тиісті деңгейде атқармау салдарынан абайсызда адам өлтіру» бабы бойынша тергелуде, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.