Тісімен мәтін теретін блогер Түркияда емделіп жатыр
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шалқар есімді Шымкенттік жігіт тісімен мәтін теріп пост жазады. Instagram желісі арқылы оқырмандарына мәнді де мағыналы жазбалар ұсынатын блогердің оқырмандары да күн өткен сайын көбеюде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дегенмен, Шалқар мұндай қадамға қызығушылықтан емес, қажеттіліктен барғандығын айтады.
Шалқармен алдымен телефон арқылы тілдестік. Сөзі нық, ибалы жігіт сөйлеу мәнерімен бізді де өзіне баурап алды. Содан арада апта өткенде үйінде жолықтық. Төсек тартып жатқан оның қол-аяғы мүлдем қимылдаудан қалыпты. Ас-ауқатты да арнайы көмекшінің беруімен ішеді. Қатал тағдырдың сынағына ұшыраған жігіттің жан жарасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Шалқар 1992 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Мектепті үздік бітірген соң, ҰБТ-дан 121 балл жинап, Сүлеймен Демирел атындағы университетке құжаттарын өткізіп қойған. Қорытындысын күтіп жүрген сәтте Таразға қонаққа барады. Дегенмен бұл сапар оның өмірін түбегейлі өзгертетін білген жоқ.

«Аквопаркке барып, суға түстік. Шомылдық. Суға секіргенімді білемін. Әрмен қарай аяқ-қолым істемей қалды. Қимылдата алмаймын. Басым жарылған екен. Ал қасымдағылар жүгіріп жүр. Түк түсінбеймін. Бір кезде көпшілік судан шығарып алды. Жедел жәрдем келді. Кейіннен білдім, жұлыныма зақым келіпті. Содан екі аяқ, екі қолым істемей қалды», — дейді Шалқар Маратұлы.

Содан бері он жылдан астам уақыт өтті. Ата-анасы ем-дом жасату үшін көптеген ауруханалардың есігін қақты. Тіпті шетелге дейін алып барды. Бірақ нәтиже жоқ. Күйзеліске түскен жігіт оқуын да жалғастыра алмады.
«Математикаға қатты қызығатынмын. Есеп шығаруда әрдайым бірінші болып орындайтын едім. «Болашақта математик боламын» деген мақсат қойдым. Дегенмен бұл арманым орындалмады. Мемлекеттік грантпен оқуға түскенімді кейіннен білдім. Университет басшылығы да маған бір жыл академиялық демалыс алуыма мүмкіндік берді. Жазылсам жалғастырамын деп ойладым. Амал нешік...» — дейді ол.

Әлеуметтік желі Шалқарға алданыш болды. Бір жағынан тәулік бойы төсекке танылған оның екінші тынысын ашты. Қазір достарымен хабарласып, сөйлесіп тұрады. Музыка тыңдап, кино көреді. Желіге кіріп, жаңалықтарды оқиды. Тіпті Instagram арқылы табыс тауып отыр. Мұның баршасында Шалқар қаламсапты тістеу арқылы іске асырады.
«Әрине, Instagram-ға кіріп, блог жүргізіп қаржы табу жақсы. Бірақ мен үшін бұл қызығушылық емес, қажеттілік болды. Он жыл осы бөлмеде теледидар көріп қимылдай алмай жаттым. Әке-шешем де қартая бастады. Маған көмектесуге інімнің де шамасы келмейді. Баршасының өз шаруалары бар. Әуре ете бергім келмейді. Сондықтан маған жеке көмекші керек. Көшеге алып шығып, қыдыртатын, шаштаразға, саябаққа алып баратын адам қажет. Оның шығындарын да әке-шешеме арта беруге болмайды. Әкем қарауыл, мамам кітапханашы болып қызмет атқарады. Сондықтан қаражатты өзім табуым керек деп шештім», - дейді ол.

Шалқардың желіден парақша ашқанына бір жылға жуық уақыт болған. Қазір 10 мыңға жуық оқырманы бар. Блоктарын да тұрақты түрде көріп отыратындар көп. Коммерциялық нысандар жарнама беріп ақысын төлеп тұрады. Ал кейбірімен өзара келісім жасайды. Жарнамасын жасап берген шаштаразға барып шашын тегін алдырса, кей кафелер мен дүкендердің қызметін «жеңілдікпен» тұтынады.
«Менің мақсатым қаржылай тәуелсіз болу. Алғашқыда тісіммен қаламсап тістеп, ұзақ мәтін жазу қиындық тудырды. Кейін қалыптасып кеттім. Мен үшін үйрену, жұмыс істеу — ешқашан кеш емес», — дейді инстаблогер.
Қазір Шалқар Түркияда ем қабылдап жатыр. 11 жыл бойы арбаға отырған оның жамбасындағы етке зақым келген. Оны тек шетелде ғана емдеуге мүмкіндік бар. Сондықтан желі арқылы жағдайын айтып, көпшіліктен жәрдем сұрады. Тәуекел етіп, жиналған қаржымен жолға шықты.
«Арбаға көп отырғандықтан екі жамбасым тесіліп, жарасы ұлғайып сүйекке өтудің аз-ақ алдында тұр. Шетелде емдету үшін 50 мың доллардай ақша керек болды. Кәсіпкер Сырымбек Тау ағамыз басшылық ететін жеке компания 10 мың доллар берді. Қалған соманы жинауға отбасымның шамасы жетпеді. Желі арқылы жиналған ақшамен қазір Түркияда емделіп жатырмын. Мұнда қанша ай, қанша күн жататынымды білмеймін», – дейді ол.

Шалқар тісімен мәтін тере алатындығын дәлелдеді. Ұялы телефонмен жазу жазу өзіне де ұнайды. Сондықтан, қазір тек өзінің парақшасын дамытып, мәнді де мағыналы ойлармен бөлісіп отырады. Арасында желі арқылы «Qazaq Republic», «Yokohama» компанияларының пиар-менеджері ретінде пост жазып тұрады. Қолдау білдіріп, көмек беріп отыратын Сакен Жолдас, Сырымбек Тау, Қайрат Жолдыбайұлы ағаларымен, өзге де оқырмандарына айтар алғысы шексіз.
«Бірде жанұямызбен бірге қонаққа бармақшы болдық. Әкем мені көтеріп, үйден шығарып, көлікке отырғызбақ болды. Еңкілдеп, өкпесі өшіп, қиналып қалды. Бұл маған қатты әсер етті. Жасы болса 55-те. Үйде қиналғанын білдірмейді. Сол оқиға бірнеше рет қайталанды. Маған қарап, жағдайымды жасау оңай емес екендігіне көзім жетті. Жата берсем жағдай ушыға түсетінін ұқтым. Ата-анам жасармайды. Бауырым үйленіп өз өзімен болады. Сонда мен не істемекпін? Мені осы ой көп мазалайды. Сондықтан қаржылық тәуелсіз болуға әрекеттеніп жүрмін. Негізі бұл диагнозбен көп адамның тірі қалуы екіталай екен. Ал, менің осылай жатқанымның өзі Алланың сыйы деп білемін. Себебі, бұл өмірде менің де миссиям бар. Адамдарға керекпін», — дейді Шалқар Қуанышбаев.
