«Титаник» лайнерінің апатқа ұшырауымен байланысты 200 мыңнан астам құжат Интернетте жарияланды

АСТАНА. 10 сәуір. ҚазАқпарат -  Аңызға айналған «Титаниктің» апатқа ұшырауымен байланысты 200-ден астам құжат кеше Интернетте жарияланды, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.
None
None

Британдық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, интернет-жарияланым осы аптада аталып өтетін лайнердің апатқа ұшырауының 100 жылдығына арналып отыр.

Британдық  "Энсестри" сайтына «Титаниктің» тарихы жөнінде көптеген материалдар жиналған. Олардың ішінде қаза болғандардың тізімі мен апаттан құтқарылғандар туралы мәліметтер бар. Порталға кірушілер кеме капитаны Эдвард Смиттің, сондай-ақ американдық магнаттар Бенджамин Гуггенхайм мен Джон Джейкоб Астордың өсиеттері мәтінімен таныса алады. Олардың үшеуі де 1,5 мыңнан астам жолаушылармен бірге сол қайғылы 1912 жылғы  сәуірдің 14-інен 15-іне қараған түнде қаза болған еді.

Сонымен қатар сайтта «Титаниктің» 121 жолаушысы бейітінің басына қойылған құлпытастардың фотосуреттері, 300-ден астам сот-медициналық құжаттар және апаттан кейін мұхиттан табылған денелер туралы 330 файл орналастырылған. Арнайы бөлімде ашық теңіздегі қайықшаларда қалған 700-ге жуық адамды құтқарған «Карпатия» кемесі жолаушыларының суреттері бар.

269 метрлік «Титаник» 1911 жылы 31 мамырда Белфастыда суға түсірілген әлемдегі ең үлкен кеме болатын. Лайнер толық жабдықталғаннан кейін 1912 жылы 10 сәуірде ағылшындық Саутгемптон айлағынан Нью-йоркке бет алды. Төрт күннен кейін лайнер солтүстік Атлантикада мұзтауға соқтығысып, апатқа ұшырады. Оның 2224 жолаушысы мен экипаж мүшелерінің 1,5 мыңнан астамы қазаға ұшырады. Кеме қалдықтары мұхит түбінде 3,8 шақырым тереңдікте жатыр.

Сайттағы мұрағатты 31 мамырға дейін тегін көруге болады.

Соңғы жаңалықтар