«Титаниктің» ажалы Ай мен Жердің жақындауынан болған

АСТАНА. 8 наурыз. ҚазАқпарат - Астрономдар 1912 жылғы Атлант мұхитында айсбергтердің көп болуын Күн, Жер және Айдың ерекше қатынасымен байланыстырады.

«Титаниктің» ажалы Ай мен Жердің жақындауынан болған

Бұл туралы Sky and Telescope журналы жазады. Онда келтірілген мәліметтер бойынша, «Титаниктің» түбіне жеткен дәл сол кезде мұхиттағы мұзтаулардың тым көп болуы көрінеді.

Зерттеу нәтижесінде белгілі болғандай, 1912 жылы 1400 жылда бір рет қайталанатын табиғи конфигурация қалыптасқан. Сол жылғы 3 қаңтарда Жер перигелияда, яғни Күнге ең жақын нүктеде болған. Ал ертеңінде Айдың тартылыс күші Күннің әсерімен бірнеше есеге күшейіп кеткен.

Соның салдарынан Жерде бұрын-соңды болып көрмеген толқындар пайда болып, Гренландия мұздықтарынан көптеген мұзтаулар бөлініп шығады. Солардың біреуі «Титаникке» келіп соқтыққан.

«Титаник» лайнері Еуропадан Америкаға 1912 жылдың 10 сәуірінде жолға шықты. Бортында 2200 адам болған. 5 күннен кейін ол мұзтаумен соғысып, мұхит түбіне батып кетті. Түрлі деректер бойынша 1400-ден 1517 адамға дейін қаза болған.