ТКШ агенттігі «Қол жетімді баспана- 2020» бағдарламасы бойынша жыл сайын 6,5 мың пәтер тапсырмақ
АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - «Қол жетімді баспана- 2020» бағдарламасы аясында 2015 жылға қарай «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» желісі арқылы тұрғын үй құрылысының көлемі 530 мың шаршы метрге дейін жеткізілмек немесе жыл сайын 6,5 мың пәтер тапсырылмақ.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлімдеді.
«Оның ішінде 3 мың пәтер немесе 200 мың шаршы метр тұрғын үй жас отбасыларына арналмақ», - деп атап өтті агенттік басшысы.
Аталған үйлер әкімдіктердің тапсырысы бойынша салынады. Жас отбасыларға арналған кесте бойынша қаржы 8 жылға дейін жинақталатын болады. Алайда, жас отбасылар төлем мерзімінде өздері алған пәтерде тұра беру мүмкіндігіне ие болады. Аталған мерзім өткеннен кейін, үйді бірден сатып алу мүмкіндігі беріледі немесе қаржысы жеткіліксіз болған жағдайда жылына 4 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға дейінгі мерзімге заемды рәсімдеуге болады. Ай сайынғы арендалық төлем 30 мың теңгені құрайтын болды. Атап айтқанда, бұл банкте тұрғын үйдің құнынан 50 пайыз көлемінде қажетті жинақ жасалуы тиіс.