ТКШ комитеті Шахандағы жағдай қайталанбауы үшін дербес жылыту жүйелерін тексеруді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ҰЭМ Құрылыс және ТКШ істері жөніндегі комитеті Қарағанды облысында орын алған қайғылы жағдай қайталанбауы үшін дербес жылытылатын барлық көппәтерлі тұрғын үйлерге тексеру жүргізу қажет деп санайды. Бұл туралы комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

ТКШ комитеті Шахандағы жағдай қайталанбауы үшін дербес жылыту жүйелерін тексеруді ұсынды

Комитеттің мәліметінше орталық жылу беру жүйесіне Қазақстандағы көппәтерлі тұрғын үйлердің (39 314 үй) 74 пайызы қосылған.

«Күзгі-қысқы мусымда жылуды пайдаланатын қондырғылардың іске қосылуы мен олардың техникалық жағдайын, сондай-ақ, жылу жүйелері мен олардың дайындығы және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады», деп мәлім етті комитет.

Барлық қуаттағы жұмыс істейтін жылу қазандықтары мен жылу жүйелерінің күзгі-қысқы жұмысқа дайындық құжатын беру, сондай-ақ, есепке қою және қауіпті техникалық қондырғыны есептен шығару жергілікті атқарушы органдардың құзырына жатады. Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдар 0,07 мегаПаскальден жоғары қысымдағы немесе судың қызуы 115 Цельсий градустан асқан жағдайда қауіпті техникалық қондырғының қауіпсіз жұмыс істеу барысына бақылау жасайды.

«Қарағанды облысында орын алған қайғылы жағдай қайталанбауы үшін дербес жылытылатын барлық көппәтерлі тұрғын үйлерге тексеру жүргізу қажет деп санаймыз», делінген хабарламада.

Үйлерді орталық жылуға қосу мәселесі сәйкес бюджеттік бағдарламалар арқылы, сондай-ақ, қызмет көрсетушілердің жеке есебі арқылы шешіледі. Орталық жылумен жабдықтауға кететін шығындар қолда бар сәйкес жылу қуаты және жылумен жабдықтау жүйесін есепке ала отырып, жобалық-сметалық құжаттама негізінде анықталады. Бюджеттен ТКШ жаңғыртуға арналған қаржы облыстар қажетті рәсімдеулерден өткен соң бөлінеді. Жобаларды қаржыландыру қажеттігі әкімдіктердің өтініші мен шешімі негізінде анықталады.

2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасы және 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама негізгі республикалық бюджеттік бағдарламалар болып табылады.

2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында:

2015 - 2016 жылдары коммуналдық салаға республикалық бюджеттен бұрын басталған жобаларды аяқтау үшін 29 жобаны жүзеге асыруға 5,2 млрд. теңге (жылумен жабдықтауға -2948,4 млн. теңге сомаға 11 жоба, газбен жабдықтауға -2125,0 млн. теңге сомаға 13 жоба, электрмен жабдықтауға -78,0 млн. теңге сомаға 5 жоба) бөлінді.

Іс жүзінде шамамен 402,4 шақырым инженерлік желі салынды және қайта қалпына келтірілді, оның ішінде жылумен жабдықтау - 31 шақырым, электрмен жабдықтау - 61 шақырым, газбен жабдықтау - 310,4 шақырым және 100 Гкал/с-ға дейін 3 қазандық.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2015 жылы жылу-сумен жабдықтау және су тарту жүйесін жаңғырту бойынша 92 жобаны жүзеге асыруға 60 млрд теңге бөлінген. Ағымдағы кезеңде 226,7 шақырым инженерлік жүйе салынды және қайта қалпына келтірілді. Оның 165,8 шақырымы  жылумен жабдықтау жүйесі; 60,9 шақырым ы сумен жабдықтау және су тарту жүйесі.

2016-2017 жылдары бөлінген қаражатқа 1 716,7 шақырым инженерлік жүйені, оның ішінде: 103,8 шақырым жылумен жабдықтау жүйесін; 1329 шақырым сумен жабдықтау жүйесін; 283,9 шақырым су тарту жүйесін салу және қалпына келтіру жоспарланып отыр.

2017 жылы бағдарлама аясында бюджеттік несиелеу тетігі арқылы жылу, сумен жабдықтау және су тарту жүйесін жаңғырту бойынша 80 жобаны жүзеге асыруға 48 млрд теңге бөлінді.

Шамамен 2 000 шақырым инженерлік жүйе салынады және қалпына келтіріледі, сондай-ақ, 2018 жылы жобаны аяқтау мерзімінде жүйелердің тозуы 57% азаяды және шамамен 1 025 707 абонентке көрсетілетін қызмет сапасы жақсарады.