«ТКШ-ны жаңғырту» бағдарламасы бойынша 398 үйдің жөндеу жұмыстары аяқталды
АСТАНА. 21 сәуір. ҚазАқпарат - «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстары жоспарланған үйлердің жалпы саны - 565, оның ішінде І тетік бойынша - 106 үйде, ІІ тетік бойынша - 459 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілмек,
деп хабарлады pm.kz сайтына ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, бағдарламаның І тетігі бойынша жөндеу жұмыстары жоспарланған барлық үйлер кондоминиум ретінде тіркелді. 105 үй жобалау-сметалық құжаттарына және Мемлекеттік сараптама қорытындыларына ие.
Республика бойынша бұл тетікке бөлінген 5,5 млрд. теңгенің 4,6 млрд. теңгесі немесе 85 пайызы игеріліп болды.
«Бағдарламаның ІІ тетігі бойынша 459 үйде жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде 456 үй жобалау-сметалық құжаттарымен қоса Мемлекеттік сараптама қорытындыларына ие», - делінген хабарламада.
2012 жылдың 26 наурызындағы жағдай бойынша, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл облыстарында 333 үйде жөндеу жұмыстары аяқталды.