Тікұшақ апаты: Иран президенті оқиғаға дейін қайда барды

АСТАНА. KAZINFORM –  19 мамырда Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев пен Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисидің қатысуымен Араз өзенінде салынған «Худаферин» су электр кешенін іске қосу және «Гыз Галасы» ГЭС-нің ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы Trend жазды.

Иран
Фото: Әзербайжан президентінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшылары «Худаферин» және «Гыз Галасы» су қондырғыларын іске қосты.

Әзербайжан Республикасы мен Иран Ислам Республикасының мемлекеттік шекарасында, Араз өзенінде салынған «Худаферин» және «Гыз Галасы» су электр кешендері электр қуатын өндіру және суару мақсатында салынған.

Гидроэлектр жобалары 1977 жылы қазанда Кеңес Одағы мен Иран арасында қол қойылған келісім негізінде жасалған. 1990 жылдардың басында жобалары қайта қаралған гидроэлектр кешендерінің құрылысы Арменияның Әзербайжан аумағының 20 пайызын басып алуы нәтижесінде тоқтатылғанымен, құрылыс жұмыстарын кейіннен тек Иран Ислам Республикасы жүргізді.

Араз өзенінің су ресурстарын ұтымды пайдалану есебінен электр энергиясын өндіруді және егістік алқаптарды сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік беретін «Худаферин» және «Гыз Галасы» су электр кешендерінде бөгеттерді салу жұмыстары аяқталып, су қоймаларын толтыру жұмыстары басталды.

«Худаферин» су қоймасына 503 миллион текше метр, ал «Гыз Галасы» су қоймасына 42 миллион текше метр су жиналды. Бұл оның жалпы көлемінің 40 және 85 пайызы.

Еске сала кетейік, Иран президенті мінген тікұшақ Әзербайжанмен шекаралас Верзеган қаласына жақын жерге апатты жағдайда қонды. Кейінірек тікұшақ құлаған жерден видео пайда болды. Адамдар президент Раиси мен оның серіктерінің денсаулығы үшін дұға етіп жатыр.

Иран вице-президенті Мохсен Мансури ел президенті Ибрахим Раиси мінген тікұшақ апатты жағдайда қонғаннан кейін қасындағы екі адам бірнеше рет байланысқа шыққанын айтты.