Тікұшақтар мен өрт пойызы жұмылдырылды: Қостанай облысындағы дала өрті сөндірілді

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін Қостанай облысы Қамысты ауданы Арқа ауылынан 15 шақырым жерде алдын ала болжам бойынша 5000 га алаңда құрғақ шөп өртенді, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Ақмола облысындағы өрт
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, желдің екпіні 25 м/с дейін жетіп, өрттің таралуына әкелуі мүмкін болды. Өрттің мемлекеттік қордың орман алқабына өту қаупі туындады.

Өрт ошақтарына дереу құтқарушылар топтары, оның ішінде өрт сөндіру авиациясы тартылды.

Өртті сөндіруге жеке құрамнан 200-ге жуық адам, ТЖД, ЖАО 33 техникасы, тікұшақтар мен өрт пойызы жұмылдырылды. 7 рет жалпы көлемі 14 текше метрден асатын су төгілді

ТЖ министрінің тапсырмасы бойынша өрт орнына Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Рамиль Камалов, ТЖ жою департаментінің бастығы Мақсат Дәулетьяров және Қостанай облысы ТЖД бастығы Дамир Ермағамбетов жіберілді.

«Құтқарушылардың үйлесімді іс-қимылдары мен өртті ауадан және жерүсті тәсілімен сөндіру бойынша қабылданған шаралардың арқасында өрт толығымен сөндірілді. Қазіргі уақытта жалын шарпыған аумақты нақты көлемі белгіленіп жатыр. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ»,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Петропавлда өртенген тұрғын үйден үш адамның денесі табылғанын жазған едік.