Тілі кеш шыққан балалардың ата-аналары Астанада арнайы орталыққа жүгіне алады
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада пилоттық режимде дамуында бұзылу қаупі бар немесе дамуында ерекшеліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды ерте қолдау қызметі іске қосылды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

0 жастан 3 жасқа дейінгі балалары бар отбасылар қызмет мамандарына жазыла алады. Аталған мекемеде ата-аналарды оқытуға баса назар аударылады. Ерте қолдау қызметін «Мүмкіндіктер уақыты» жобасы аясында «Дара» қоры ашты.
— Егер бала қатарластарына қарағанда моториканы баяу меңгерсе, тілі кеш шықса, агрессия көрсетсе немесе үнемі жыласа, сондай-ақ ұйқысы мен тәбеті бұзылған болса, ата-аналарға ерте қолдау қызметіне жүгіну қажет болады. Егер ата-ананы бірнәрсені алаңдатса және олар баласының даму ерекшеліктерін жақсы түсінгісі келсе, оларға қызмет мамандары көмектеседі. Ерте қолдау — бұл ата-аналар мен балаларға кешенді көмек, — делінген хабарламада.
Қызмет көрсету мамандары ата-аналарға баласын өмірінің алғашқы кезеңдерінде функционалды түрде дамытуға үйретеді. Олар қай бағытта қиындықтар болғанына байланысты қызметтерді таңдайды. Бұл қоршаған ортаны білу, қарым-қатынас жасау, еңбектеу немесе серуендеу дағдылары, сондай-ақ тамақтану, қол жуу және т. б. сияқты дағдылары болуы мүмкін.
Ерте қолдау қызметі елорданың екі психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің базасында ашылды. Отбасыларды кешенді қолдау үшін үш орын ұйымдастырылған: дамыту аймағы — балалар үшін, кеңес беру аймағы — ата-аналар үшін және жұмыс аймағы — маман үшін. Отбасыларға барлық көмек тегін көрсетіледі.
Астана қаласының № 1 және № 2 түзету кабинеттерінің мәліметтері бойынша қазір елордада 200-ден астам отбасы ерте қолдау мамандарының көмегіне мұқтаж.
— Балалармен жұмыс істеудің басқа бағдарламаларынан айырмашылығы, мұнда қызмет мамандарының кешенді тәсілі басты рөл атқарады: олар тек баламен ғана емес, бүкіл отбасымен де жұмыс істейді. Балалар кәсіби мамандардан дербес өмір сүру ережелерін үйренеді, ал ата-аналар балалармен өзара іс-қимыл дағдыларын игеруге мүмкіндік алады, — деп атап өтті Астана қаласы білім басқармасының бас маманы Гүлшат Исинова.
Ерте қолдау қызметі отбасыларды мына мекенжайлар бойынша қабылдайды:
* № 1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті: Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 22/1, тел. +7 (717-22) 7-19-49;
* № 2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті: Астана қаласы, Ш. Айтматов к-сі, 41а, 1 блок, тел. +7 (717-23) 4-61-57.
Айта кетейік, жақында Жетісу облысында ерекше балаларға арналған тұңғыш иппотерапия орталығы ашылғаны белгілі болды.