ТМД арасында адамдарды іздестіру туралы шарт қабылданды - Парламент

АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартын ратификациялау туралы» заңын қабылдады.

ТМД арасында адамдарды іздестіру туралы шарт қабылданды - Парламент

Аталған заң қылмысқа қарсы күрестің бірлескен шараларының мемлекетаралық бағдарламасына сәйкес әзірленген. Бұл келісімге Түркіменстан мен Украинадан басқа ТМД-ға қатысушы 9 мемлекет басшысы Мәскеуде 2010 жылы қол қойған болатын. Соның ішінде бұл келісім қазір Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Өзбекстан елдерінде күшіне енген. Жалпы, келісім бойынша қылмыскерлерді бірлескен жедел-іздестіру шаралары, сұрау салулар тәртібі, іздеуде жүргендер туралы ақпараттар алмасу тәртіптері қаралады. Бұдан бөлек, құжат аясында мемлекетаралық іздестірудің орталықтандырылған ақпараттық кеңістігін құру көзделеді. Ал келісімді қабылдау қылмысқа қарсы күресте мемлекетаралық ынтымақтастықты арттыра түседі. Тоқтала кететін жайт, құжаттағы талаптар азаматтардың ерекше санатына байланысты қолданылады. Іздеу тергеу орындарынан, соттан бой тасалап жүрген және қылмыстық жазасын өтеуден жалтарып жүрген тұлғаларға жарияланады. Келісімге сәйкес, арыз бойынша сот шешімін орындаудан жалтарып жүрген адамдарға да, хабарсыз кеткен, болмаса туыстарынан көз жазып қалған азаматтарға да, сондай-ақ өзі туралы мәлімет беруге қабілетсіз болса, азаматтың тұлғасын анықтау мақсатында да іздеу салынады. Бұдан бөлек, келісімге сәйкес, сұрауды орындау кейінге шегерілуі мүмкін. Сонымен қатар, сұрау салдырған тарап бұл олардың мүддесіне сәйкес келмейді деп есептесе, егер бұл олардың ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелерге қайшы келсе, мүлдем бас тартылуы мүмкін.

Шартты бекіту ТМД қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығы үшін құқықтық негіздер құруға, мемлекетаралық іздеудегі адамдар бойынша жедел ақпарат алмасуды қамтамасыз етуге септігін тигізеді.