ТМД аумағында бірыңғай конфессиялық мониторинг жүйесін қалыптастыру қажет - Қ. Лама Шариф

АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - ТМД аумағында бірыңғай конфессиялық мониторинг жүйесін қалыптастыру қажет.

ТМД аумағында бірыңғай конфессиялық мониторинг жүйесін қалыптастыру қажет - Қ. Лама Шариф

Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф «ТМД елдеріндегі діндердің рөлі» халықаралық конференциясында мәлім етті.

«ТМД аумағында бірыңғай конфессиялық мониторинг жүйесін қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Ол елдеріміздегі конфессиялық жағдайды қадағалауға, діни фактордың тікелей немесе жанама қатысуының арқасында туындауы мүмкін шиеленістердің алдын алу үшін нақты ұсыныстарды әзірлеуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, халықаралық және ұлттық тәжірибелерді талдау көрсетіп отырғандай, діни-саяси экстремизмге қарсы іс-қимыл көрсетуде реттеуші, тыйым салу және профилактикалық сипаттағы шараларды қамтитын кешенді шешім қажет.

«Осы саладағы аса тиімді шараларға құқықтық базаны жетілдіру, құқыққорғау органдарының қызметін нығайту және жетілдіру, діни экстремизм және терроризмді қаржыландырумен күресті күшейту, сонымен қатар түсіндіру, ақпараттық-насихат және идеологиялық жұмыстарды белсенді түрде жүргізуге негізделеді», - деді Қ. Лама Шариф.

Айта кетейік, халықаралық конференцияға Қазақстандағы ТМД елдерінің елшілері, мемлекеттік органдардың, халықаралық және отандық ғылыми орталықтардың, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуда. Шара барысында ТМД елдеріндегі діни ахуалға талдау жасалып, діни бірлестіктердің арасында өзара қарым-қатынас орнату бойынша жұмыстар атқарылмақ.