ТМД аумағында терроризмге қатысты 30 қазақстандық іздестірілуде

АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аумағында терроризмге қатысы бар 30 қазақстандыққа іздеу жарияланған.

ТМД аумағында терроризмге қатысты 30 қазақстандық іздестірілуде

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды. Еске салсақ, комитетте «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартын ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын.

ҚР ІІМ қылмыстық полиция комитетінің қылмыстық іздестіру басқармасының бастығы Мұрат Шамғұновтың айтуынша, ТМД аумағында 2 мыңнан астам қылмыскер мен 1,5 мың хабар-ошарсыз жоғалған қазақстандыққа іздеу жарияланған.

«Соның ішінде 200 адам кісі өліміне қатысты қылмыс бойынша, 134-і қарақшылық шабуыл қылмысына орай іздестірілуде. Ал, 30 адам террористік қылмыс желісі үшін айыпталған», - дейді басқарма басшысы.

Тоқтала кететін жайт, сенаторлар талқылаған заң жобасы қылмысқа қарсы күрестің бірлескен шараларының мемлекетаралық бағдарламасына сәйкес әзірленген. Жалпы, келісім бойынша қылмыскерлерді бірлескен жедел-іздестіру шаралары, сұрау салулар тәртібі, іздеуде жүргендер туралы ақпараттар алмасу тәртіптері қаралады.

Бұдан бөлек, құжат аясында мемлекетаралық іздестірудің орталықтандырылған ақпараттық кеңістігін құру көзделеді. Ал келісімді қабылдау қылмысқа қарсы күресте мемлекетаралық ынтымақтастықты арттыра түседі.

Комитет заң жобасын палатаның жалпы отырысында талқылауға келісті.