22:01, 19 Қараша 2022 | GMT +5
ТМД байқаушылары алдағы сайлауға дайындық барысын жоғары бағалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев президент сайлауын байқау үшін елімізге келген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байқаушылары тобымен кездесті. Бұл туралы ҚазАқпарат СІМ сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу барысында Е. Қоныспаев ашық және әділетті сайлау өткізу Қазақстанның одан әрі демократиялық дамуы үшін түбегейлі мәнге ие екенін ерекше атап өтті.
Қазақстан сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша өзінің халықаралық міндеттемелеріне берік екені, сондай-ақ халықаралық әріптестермен осы бағытта ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екені аталып өтілді. Осыған байланысты халықаралық байқаушылар тетігін кеңінен іске қосуға маңызды мән беріледі.
ТМД ПАА байқаушылары алдағы сайлауға дайындық барысын жоғары бағалай отырып, елімізде ашық және кедергісіз халықаралық байқау үшін тиісті шаралар қабылданғанын атап өтті.