ТМД елдері минадан тазарту бағытында бірлесіп жұмыс істейді
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісім 2020 жылғы 18 желтоқсанда жасалды.
«Келісімнің мақсаты – гуманитарлық минисыздандыру тапсырмаларын орындау үшін бірлескен бөлімшені құру, қолдану, оның қызметін аяқтау тәртібін және мәртебесін айқындау. Бірлескен бөлімшенің негізгі міндеттері – мина алаңдарына және жарылу қаупі бар заттардың болуына техникалық барлау жасау, сондай-ақ оларды минасыздандыру», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев.
Оның айтуынша, гуманитарлық минисыздандыру операцияларына қатысу үшін ұлттық инженерлік бөлімшені жіберу туралы шешімді жіберуші тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдайды.
Келісімде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер болып табылмайтын мемлекеттердің аумақтарында гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындауға Бірлескен бөлімшені тарту мүмкіндігі көзделген.
Қазақстан Республикасы мұндай бағыт БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатына сәйкес ғана мүмкін болады деп есептейді.