18:45, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
ТМД елдерінде әскери ардагерлер ісімен айналысатын мемлекеттік орган құрылуы керек - Р.Аушев
АЛМАТЫ. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ –ТМД елдерінде әскери ардагерлер ісімен айналысатын мемлекеттік орган құрылуы керек.

Бұл туралы бүгін Алматыдағы «Нұр Отан» ХДП филиалында ТМД мен шетелдік Ауған соғысы ардагерлері ұйымдары өкілдерінің кездесуі барысында Кеңес Одағының Батыры, ТМД елдеріндегі әскер-интернационалистер комитетінің төрағасы, генерал-лейтенант Руслан Аушев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта әскери ардагерлер мәселесі қоғамдық ұйымдардың мойнына артылған. «Бірақ бұлар мәселені шешіп отырған жоқ. Құрылуы тиіс мемлекеттік орган ардагерлер ұйымдарының басын біріктіретін, мұңын шешетін, әскери патриоттық тәрбие берумен айналысатын ұйым болуы тиіс. Бұл бағытта оң шешім табылуы тиіс. Өйткені Қазақстан тарапынан ұйымдастырылып отырған бүгінгі шара өте жақсы бастама. Өйткені ауған ардагерлерінің бас қосуы тек 1988 жылы соғыс аяқталмай тұрып өткізілген болатын. Осындай жүздесу алда басқа елдерде де жалғасын табуы тиіс.Ауған ардагерлеріне көңіл бөліп отырған Қазақстан тарапына үлкен алғыс айтамыз», - деді Р.Аушев.Р.Аушев бастама көтерген бұл шараны «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырған. Отырысқа ТМД, Балтық жағалауы елдері, Ауғанстан мен Францияның өкілдері қатысып, ой-пікірлерімен бөлісті.