ТМД елдерінде еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі заңмен реттеледі
АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - 2008 жылғы қарашаның 14-інде Кишинев қаласында болған ТМД Үкіметтері басшылары кеңесінің отырысы барысында Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды.
Жуырда Үкімет осы конвенцияны заң жобасы түрінде Мәжіліске ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Конвенцияның ережелері еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерін қабылдаушы мемлекеттің аумағында болған уақыт кезеңінде олардың негізгі құқықтарын реттейді. Сонымен бірге Конвенцияның 7-бабының он екінші абзацы мен 13-бабы 1-тармағының нормалары Қазақстан Республикасының заңнамасынан өзгеше ережелерді белгілейді. Конвенцияның 7-бабының он екінші абзацында еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелері халықаралық шарттарға және қабылдаушы Тарап заңнамасына сәйкес зейнетақыдан басқа, әлеуметтік қамсыздандыруға берілетін негізгі құқықтарды пайдаланады деп көзделген. Конвенцияның 1-бабына сәйкес еңбекші-мигрант ? Тараптардың бірінің азаматы болып табылатын, сондай-ақ Тараптардың бірінің аумағында тұрақты тұратын, өзі азаматы болып табылмайтын және тұрақты тұрмайтын басқа Тараптың аумағында заңды түрде тұратын және заңды негізде ақысы төленетін еңбек қызметімен айналысатын азаматтығы жоқ адам. «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдау еңбекші-мигранттардың және олардың отбасы мүшелерінің реттелген құқықтық жағдайын қамтамасыз етуге және еңбекші-мигранттар мен қабылдаушы мемлекет азаматтарына қатысты, өмір сүру жағдайлары мен жұмысқа байланысты барлық жағдайларда теңдей қарым-қатынас қағидатын іске асыруға ықпал ететін болады.
Сонымен бірге Конвенцияның кейбір ережелері еңбек қызметін жүзеге асыратын елде тұрақты тұрмайтын еңбекші-мигранттарға қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделгеннен өзгеше ережелер белгілейтінін атап көрсету керек. Осыған орай Қазақстан Республикасы Конвенцияға ескертпе енгізіп отыр. Аталған ескертпе заң жобасында тиісінше көрсетілген.Заң жобасын қабылдау кері әлеуметтік-экономикалық, құқықтық кері салдарларға және мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарына әкеп соқтырмайды.
Бұл заң жобасы бойынша Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті қорытынды әзірлейтін болады.