ТМД елдерінде ядролық апат кезінде хабарландырудың бірыңғай жүйесі енгізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - ТМД елдерінде ядролық апат кезінде хабарландырудың бірыңғай жүйесі енгізіледі. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Үкімет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бас директорының орынбасары Николай Спасский айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Достастық елдерінде атом энергия блоктары, ядролық зерттеу қондырғылары жұмыс істейді және салынып та жатыр. Уран өндіріліп, атом стансалары үшін отын шығарылады, раиоактивті көздер де кеңінен пайдаланылады. Ядролық материалдар, радиоактивті көздер Достастық мемлекеттерінің шекарасы арқылы тұрақты түрде өтіп тұрады. Бірақ бүгінде Достастық кеңістігінде апаттық әрекет етудің бірыңғай жүйесі жоқ. Бұл дұрыс емес», - деді ол.
Оның айтуынша, Достастық кеңістігінде мұндай апаттық әрекет етудің бірыңғай жүйесі аса қажет. Оның бірнеше себебі де бар.
«Біріншіден, атом энергиясын пайдаланудың қолда бар ауқымы мен бұл саладағы ынтымақтастықты ескерер болсақ, онда мұндай жүйе шынымен де аса қажет. Екіншіден, мұндай жүйенің болуы ядролық апат орын алған жағдайда жедел хабарлау және көмек көрсету туралы халықаралық конвенциядан туындап отыр», - деді Николай Спасский.
Осы ретте «Росатом» өкілі ядролық апат жағдайында немесе радиациялық апатты жағдай орын алған сәтке дайындықты қамтамасыз ету және оның салдарын жою барысында өзара көмек көрсету бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өзара іс-қимылы туралы келісімнің жаңа мазмұнына тоқталды.
«Достастықтың барлық елінде арнайы өкілетті орган анықталады. МАГАТЭ ұсынысы негізінде хабарландырудың бірыңғай формасы әзірленеді. Ең бастысы келісімде қатысушы елдердің бірінде ядролық немесе радиациялық апатты жағдай кезінде көмек қажет болғанда іс-әрекеттің бірыңғай алгоритмі жан-жақты жазылады. Өтінім жіберіліп, жедел режімде көмек көрсететін топ жасақталады. Олар арнайы техникамен және құрал-жабдықпен жабдықталады. Көмек сұраушы тарап аталған топтың басымдықпен кіруін қамтамасыз етеді. Ресей тәжірибесіне сәйкес, егер барлық процедураны алдын ала нақты әзірлеп қойсақ, онда мұндай топ өтінім түскеннен кейін нысанда 24 сағатта, тіпті одан да ертерек бола алады», - деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Үкімет басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысы өтіп, онда ТМД аясындағы экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелеріне қатысты пікір алмасылған болатын.
Ал кеңейтілген құрамдағы отырыста Тәжікстан Премьер-Министрі Кохир Расулзада ТМД-ға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-саттық кедергілерін жою бағытындағы жұмыстарға тоқталды.