ТМД елдеріндегі қыздарға арналған бірден-бір ЖОО - ҚазМҚПУ талапкерлерді қабылдауды бастайды
АЛМАТЫ. 19 маусым. ҚазАқпарат - Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті 20 маусымнан бастап бакалавр бойынша - 43, магистратура бойынша - 22, ал PhD докторантура бойынша - 4 мамандыққа талапкерлерді қабылдай бастайды.
ТМД елдеріндегі қыздарға арналған бірден-бір жоғары білім ордасы саналатын ҚазМҚПУ-да8500-ге жуық студентке 700-ге жуық оқытушы білім береді. Орта мектепке арналған педагог мамандарды дайындауда республикада көшбасшы болып табылатын ЖОО LAMS, Миссисипи және Честер сияқты әлемдік университеттермен қосдипломдық бағдарламаны жүзеге асырып отыр.
ҚР Білім сапасын қамсыздандыру агенттігі жүргізген бас рейтинг бойынша, ол еліміздегі 60 жетекші педагогикалық жоғары оқу орнының арасында көшбасшылар қатарында тұр. Университет Мәскеу қаласында өткен «Ұлттық экономика көшбасшысы» Құрмет белгісі халықаралық сыйлығының лауреаты, Амстердам қаласындағы Бизнес және менеджмент жоғары институтының «Тиімді дамушы кәсіпорын» аталымы бойынша «Алтын құйма» халықаралық сыйлығының иегері.